Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қарамағында жұмыс істейтін «№1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» психоневрологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттің қамқорлығына алынған жандарға стационарлық жағдайда 8 бағытта арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
Орталықта қазір таңда 225 мүгедектігі бар адам қызмет алуда. Оның 102-сі әйел, 123-і ер адамдар. Ерекше жандардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, өзіне күтім жасау, бет-қолын жуу, жеке заттарын тәртіпке келтіру қоғамға бейімдеу жолында психолог, дефектолог, мәдени ұйымдастырушы, еңбек нұсқаушылары, әлеуметтік қызметкерлер мен денешынықтыру мұғалімі секілді мамандардың еңбегі орасан.
Орталықта тұрмыстық қызметтің барлық қажетті түрлері қамтамасыз етілген. Диеталық тамақтану ұсынылып, асхана қызметтері, төсек-орын жабдықтарын ауыстыру, кір жуу, кептіру және гигиеналық сипаттағы қызметтер де қаралған.
Медициналық көмек көрсету орталықтың басты бағыттарының бірі. Қызмет алушыларға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіліп, денсаулық жағдайына байланысты емдік-сауықтыру шаралары мен денешынықтыру жаттығулары ұйымдастырылады.
Әлеуметтік еңбек қызметі бойынша ерекше жандар еңбек дағдыларын қалыптастыру, тұрмыстық дағдыларды қалпына келтіруге бағытталған шаралар ұйымдастырады. Бұл бағыт олардың тәуелсіз өмір сүруіне жағдай жасайды.
Сонымен қатар, орталықта мүгедектігі бар азаматтарға мәдени іс-шаралар мен бос уақытты тиімді өткізу үшін мерекелер, көрмелер мен концерттер ұйымдастырылады.
Орталықтың ұсынған кешенді қызметтері мүгедектігі бар азаматтардың күнделікті өмірін жеңілдетіп, олардың толыққанды өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған. Осылайша, Шымкенттегі әлеуметтік қызметтер жүйесі тек медициналық және тұрмыстық қажеттіліктерді қанағаттандырумен шектелмей, толыққанды әлеуметтік көмек көрсету арқылы азаматтардың өмірін сапалы етуге ықпал етеді.