Шымкентте 2820 адам кәсіпкерлік бойынша білім алды

0
2 596

74 адам шағын несие алып, 4800-ден астам азамат қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізді.


Шымкентте 2820 адам кәсіпкерлік бойынша білім алды

Шымкентте 2820 адам кәсіпкерлік бойынша білім алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Соның бірі 28 жастағы дәрігер–стоматолог Бекмұрат Мехманқұлов. Оның қазір сұранысқа сай медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған жеке тіс емдеу кабинеті бар. Қарағанды медицина университетінің түлегі мақсатын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының көмегімен жүзеге асырған.

Жас кәсіпкер «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы жылдық пайызы 6%-дан аспайтын 5 млн тг. шағын несие рәсімдейді. Алған қаражатына стоматология кабинетіне қажетті заманауи құрал-жабдықтар сатып алған. Қосымша екі адамды жұмыспен қамтып отыр.


– Бұл салада еңбек етіп жүргеніме 5 жыл болып қалды. Стоматология ісінде жыл сайын жаңалықтар енгізіледі. Заманауи құрал-жабдықтар шығарылады. Көштен қалып қоймауың керек. Алайда олардың барлығын сатып алуға қаржының жетіспеушілігі қолбайлау болады. Тәуекелге бел буып, «Еңбек» бағдарламасына қатысып, білімімді жетілдірдім. Тиісті құжаттарды тапсырдым. Нәтижесінде жеңілдетілген несиеге қол жеткіздім. Қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Жалпы, мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, - дейді Б.Мехманқұлов.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының басты міндеті – азаматтарды жұмыспен қамту. Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, шаһарда былтыр аталған бағдарламамен 74 адам шағын несие алса, 4800-ден астам азамат қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Ал, «Бастау бизнес» жобасы бойынша 2820 адам білім алған.

.