Зейнеткерлерге жолдама беру geo-shym.kz сайты арқылы кезек тәртібімен беріледі. Қазір кезекте 29 мыңға жуық зейнеткер тіркелген.
Шымкент қаласында зейнеткерлердің денсаулығын нығайту мақсатында «Ізетті зейнеткер» коммуналдық мемлекеттік мекемесі санаторлық-курорттық қызмет көрсетуді жалғастырып жатыр. Бұл мекеме Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты.
Бозарық шағынауданында орналасқан 120 орындық сауықтыру кешені зейнеткерлерді 10 күн қабылдап, 25 түрлі емдік қызмет түрін ұсынады. Ардагерлер келген сәтте арнайы емдеу кітапшалары толтырылып, жасы мен денсаулық жағдайына қарай бөлмелерге орналастырылады.
Демалушыларға күніне төрт мезгіл ыстық тамақ беріледі. Таңертеңгі уақытта емдік дене шынықтыру ұйымдастырылып, эллиптикалық және кешенді тренажерлар, пресске арналған үстел, ескек жаттықтырғышы, турник сияқты құралдар қолданылады.
Дәрігердің тағайындауына сәйкес электромагнитті терапия, сумен емдеу, дәрілік шөптерден дайындалған фитошайлар беріледі. Ардагерлердің жалпы жағдайы ескеріліп, сапалы ем қабылдауы мен тынығуына барлық жағдай жасалған.
Зейнеткерлерге жолдама беру geo-shym.kz сайты арқылы кезек тәртібімен беріледі. Қазір кезекте 29 мыңға жуық зейнеткер тіркелген.
Қала әкімінің бастамасы және мәслихат шешімімен биыл 5 500 зейнеткерге шипажайға жолдама қарастырылған. 1 желтоқсандағы мәліметке сәйкес, оның 4 982-сі еңбек ардагерлеріне табысталды. Олар Түркістан облысындағы «Ақсу демі», Жетісай ауданындағы «Күлпаршын», Шымкенттегі «Денсаулық» және Жамбыл облысындағы «Айша-Бибі» шипажайлары. Бұл шипажайлар мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы бекітілген.
Ал «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешенінде биыл 2 332 зейнеткер емдік-сауықтыру қызметін алған. Жалпы, қала бойынша 7 282 зейнеткер санаторлық қызметпен қамтылып отыр.


