Оның 50 мыңнан астамы жұмыспен қамтылды.
иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден
Шымкентте екі жылда 70 мың адам жұмыспен қамту шараларына қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2020 жылдан бері әлеуметтік қамсыздандыру саласында бірқатар жұмыс атқарылған. Қаланың 4 ауданында Халықты жұмыспен қамту орталығының филиалдары ашылып, тұрғындарға қызмет көрсету сапасы артты.
2020-2021 жылдары «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 70 мыңнан астам адам халықты жұмыспен қамту шараларына қатысып, оның 50 мыңнан астамы жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, экономика саласы бойынша 50 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Оның 29 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындары. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайыздан 5 пайызға төмендеді.
2021 жылы «Ten Qogam» және «Бақытты жанұя» орталықтары құрылды. «Ten Qogam» мүгедектігі бар, әрекетке қабілетті азаматтарға ақпараттық-консультациялық, әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсетуге бағытталса, «Бақытты жанұя» әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік кеңес беру мақсатында құрылып отыр. Сонымен қатар, аутизм және басқа да менталды бұзушылықтары бар мүмкіндігі шектеулі балаларға «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» ашылды.