Шымкентте Абайдың 175 жылдығы мен Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерей тойы аталып өтеді

0
5 089

Шымкентте қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру және азаматтық институттарды дамыту мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асатын болады.


Шымкентте Абайдың 175 жылдығы мен Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерей тойы аталып өтеді

Шымкент қаласында қазақ ойшылдары мен өмірден өткен және көзі тірі ақын жазушылардың ұлағатты сөздерімен жазылған 70-ке жуық жаңа үлгідегі билбордтар қаланың негізгі көшелеріне орнатылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы бүгін Шымкент қалалық ішкі саясат және дін істері басқарма басшысы Жанар Бектаева атқарылған және алдағы жұмыстары жөнінде өткізген баспасөз брифингінде мәлімдеді.

Басқарма басшысының берген мәліметіне сүйенсек, алдағы уақытта қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру және азаматтық институттарды дамыту мақсатында "Шырайлы Шымкент: Береке басы - бірлік","Қазақстанның дамуындағы дәстүрлі исламның рөлі", "Шымкент - мәдениет пен өркениеттің орталығы" атты форумдарын өткізуді жоспарлап отыр.

"Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы жылына орай "Шымкент қаласы тарих пен өркениет" тақырыбындағы ғылыми конференциясы өтеді. Онда ұсыныстар, пікірлер, көзқарастар қаралады",- деді Шымкент қалалық ішкі саясат және дін істері басқарма басшысы Жанар Бектаева.

Одан бөлек, аталған басқарма келесі жылы ұлы ақынымыз Абайдың 175 жылдығы мен ғұлама ғалым Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай әдеби эстафета, ғылыми конференция, форумдар мен дөңгелек үстелдер, пәндік олимпиадаларды да өткізуді жоспарлап отырғандығы жиында мәлім болды.