Шымкентте адам ағзасын заңсыз алып-салу операцияларын жүргізген бас дәрігер ұсталды

0
2 067

Қомақты ақшалай сыйақы берген реципиенттер алыс шет елдердің, негізінен Израильдің қалталы азаматтары болған.


Шымкентте адам ағзасын заңсыз алып-салу операцияларын жүргізген бас дәрігер ұсталды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкент қалалық ауруханасының бас дәрігері А.Донбай адам ағзасын заңсыз алу күдігіне ілікті, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚазАқпарат порталына сілтеме жасап.

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеме жасаған.

«Осы жылдың 18 қарашасында ҚР ІІМ Тергеу департаменті Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы қалалық коммуналдық кәсіпорнының бас дәрігері Донбай Абылай Әбдіжаппарұлын ұстап, уақытша оқшаулағышқа қамалды. Оған ҚР ҚК 264-бабы 2-тармағында (трансұлттық қылмыстық топқа қатысу) және 116-бабы 3-тармағында (адам ағзасын заңсыз алу) көзделген қылмыстық құқық бұзушылыққа жол берді деген айып тағылуда», - дейді министрлік өкілдері.

Ведомствоның мәлімдеуінше, сотқа дейінгі тергеу барысында 2017-2018 жылдары Қазақстан аумағында ұйымдастырушысы шет мемлекеттің азаматы болып табылатын қылмыстық топ адам ағзаларын трансплантациялау бойынша әрекет еткен. Донор ретінде тұрмыстық ауыр жағдайға тап болуы салдарынан бүйректерін сатуға мәжбүр болған Өзбекстан, Қырғызстан, Украина азаматтары тартылған. Ал реципиенттер алыс шет елдердің, негізінен Израильдің қалталы азаматтары болған.

«Тергеу барысында азамат А.Донбайдың қылмыстық топ мүшелерінің әрекеттерін біле отырып, олармен алдын ала ымыраласу арқылы адам ағзасын сатып алу-сатуға заңнамада тыйым салынғанына қарамастан қомақты ақшалай сыйақыға бүйректі алу және қайта салу заңсыз операцияларын жүргізген. Бұған дейін трансплантолог дәрігер Құттымұратов пен қылмыстық топтың мүшесі Қырғызстан азаматшасы Б.Тайсалова ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта қылмыстық істі аяқтап, сотқа жіберу шаралары қабылданып жатыр», - делінген таратылған ақпаратта.