Шымкентте «Аңсыз цирк» жобасы қолға алынды

0
2 888

Биыл «Шымкент-цирк» 10 жылдығын атап өтеді.


Шымкентте «Аңсыз цирк» жобасы қолға алынды

Шымкентте «Аңсыз цирк» жобасы қолға алынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Шымкент-цирк» МКҚК директорының м.а. Н.Әділханов, «Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада және цирк колледжі» РМҚК директоры М.Қадыров, «Астаналық цирк» МКҚК директорының орынбасары В.Бернадский мен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық цирк фестивальдерінің жеті дүркін жүлдегері, сайқымазақ жанрының шебері М.Мұтұрғановтың қатысуымен «Шымкент-цирк: Аңдарсыз жаңа бағдарламалар» тақырыбында брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде «Шымкент-цирк» МКҚК директорының міндетін атқарушысы Нұрлан Әділханов Қазақстан циркінде аңдарды пайдаланудан бас тартуға бағытталған «Аңсыз цирк» бірегей эксперименталдық жобасының үшінші мегаполисте басталғаны туралы баяндады.

– Шымкент қаласының циркі биыл өзінің 10 жылдығын атап өтеді. Әлемдегі ең жас цирк ұйымы болғанына қарамастан әртістер халықаралық байқаулар мен фестивальдерден жүлделі орындармен оралады. Бүгінде цирк жағдайын жақсарту, аталған экспериментті тәжірибе жүзінде қолдану мақсатында республика көлеміндегі эксперт-мамандарды арнайы шақырып отырмыз. Алдағы наурыз мерекесіне орай цирк майталмандарымен көрерменге канадалық «Дю Солей» циркінің үздік әдістемелерін пайдаланып, ұлттық колоритті сақтап, жаңа қойылым дайындауға кірістік, – деді Нұрлан Ыдырысұлы.

Спикердің сөзінше, «Шымкент-цирк» алдағы уақытта клоунада, шапито, джигитовка, каскадерлік, жонглерлік және эквилибристика, әуе гимнасттары бағыттарында жұмыс жасайды. Сонымен қатар тек Шымкент қаласында бар шапито арқылы балаларға арналған қойылым еліміздің өзге өңірлеріне гастрольдік сапарға шығуға дайындалуда.

Айта кетейік, цирк қойылымдарына билеттер онлайн касса арқылы алуға болады.