​Шымкентте автобус апатқа ұшырады, адам өлімі бар

0
1 650

Жол көлік оқиғасының салдарынан бір адам көз жұмды


​Шымкентте автобус апатқа ұшырады, адам өлімі бар

Шымкент - ERNUR.KZ. Шымкент қаласындағы Рысқұлов көшесі мен Ескендіров көшелерінің қиылысында жолаушылар тасымалдайтын автобус апатқа ұшырады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

110 бағыттағы автобус Мерседес көлігімен соқтығысқан. Жол көлік оқиғасының салдарынан бір адам көз жұмды.

Мерседестің бір жолаушысы мерт болды. Бұл туралы Түркістан облыстық ІІД баспасөз қызметі де арнайы хабарлама таратты.

"Шаолин СЛЖ" автобусы мен "Мерседес Бенц 220" көліктерін тізгіндеген Шымкентқаласының тұрғындары екен.Соқтығыс салдарынан қаза болған 1952 жылы туған Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Автобустың екі жолаушысын қалалық ауруханаға жеткізген. Қажетті ем-домын жасағаннан кейін оларды үйіне қайтарған. "Мерседес" көлігінің жолаушысы, жасы кәмелетке толмаған балақайды дәрігерлер қарап шығып, облыстық балалар ауруханасынан үйіне жіберген.

Аталған факті ІІД СДТТР тіркеліп, бірқатар сараптамалар тағайындалған. Сотқа дейінгі тергеп тексеру нәтижесімен сотқа дейінгі шешім қабылданатын болады, деп мәлімдеді ІІД.

Күндіз, тапа-тал түсте болған жол көлік оқиғасының куәгерлері осы маңда жиі осы тақылеттес оқиғалардың болатындығын айтып отыр. Бағдаршам болмағандықтан, жаяу жүргіншіні қағып кету, көлік соқтығысы күнде болмаса да, күнара болады. Тіркелмейтіні қанша деп шырылдайды жергілікті тұрғындар.

"Автобустар ақша табу жолында көздері көрмей қала ма, жылдамдықты асырып жібереді. Аялдамадан түсетін жолаушы болмаса, қатты жылдамдықпен зу етіп өте шығады. Тіпті тоқтаған автобусқа отырудың өзі қауіпсіз болмай қалды. Барлығы асығыс. Бұған бір бақылау, қадағалау керек қой. мына жерге де бағдаршам орнатпаса осындай оқиғалардың орын алғаны толастамайды", - дейді Рысқұлов пен Ескендіров көшелерінің қиылысында тұратын шымкенттіктер.