Шымкентте BIG TULIP атты жаңа гүлзар ашылды

0
328


Шымкентте BIG TULIP атты жаңа гүлзар ашылды

Шымкент қаласында шаһар тұрғындары мен қонақтарына жайлы мекеннің бірі - жаңа гүлзар ашылды.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың бастамасымен қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы орта қалыптастыру мақсатында қоғамдық кеңістіктер, гүлзар, саябақтар құрып жасыл аймақ қалыптастыру жұмыстары қолға алынған болатын.

Бүгін, қаламыздың ажарын айшықтай түсетін тағы бір нысан халық игілігіне тапсырылып, оның ашылу салтанатына қала әкімі де қатысты.

– Мұндай нысандарға бюджеттен қаржы бөлініп жатқан жоқ. Бәрі де кәсіпкерлердің өз бастамасымен, сый ретінде салынуда. Осы іске үлес қосқан сіздерге де рақмет. Игіліктеріңізге пайдаланыңыздар. Жақсы орындар көбейе берсін. Енді осы нысанды өздеріңіз күтіп-ұстаңыздар. Жалпы халықтың да тазалыққа деген санасы өзгеруі керек. Қазір қалада субұрқақтардың ескірген насостарын ауыстырып жатырмыз. Жақын арада оны да іске қосамыз, – деді қала әкімі тұрғындармен кездесуде.

Жаңа нысан – BI group компаниясының қалаға сый ретінде тартуы. Жұмысшылар құрылысты 1,5 ай ішінде, қала күніне орай аяқтады.

Аллея BIG TULIP атауын иеленген. Tulip түркі тілінде қызғалдақ деген мағынаны береді. Аллеяға кіреберістегі 5 қызғалдақ түнде жарқырап, қаланың көркін артырады. Компания өкілі Қайрат Қуанышбаевтың айтуынша, қыркүйек айында тағы бір жоба тапсырылмақ.

Жібек жолы даңғылының бойында демеушілер қолдауымен құрылған гүлзардың жалпы аумағы шамамен сегіз мың шаршы метрден астам. Қоғамдық кеңістік алаңында заманауи жарықтандыру шамдары мен тербелмелі орындықтар, басқада ерекше дизайндағы шағын сәулеттік нысандар орнатылған. Гүлзардың аумағы көгалдандырылып, декоративті ағаштар отырғызылған, гүлдендіру алаңдары да бар.

Сондай-ақ жаяу жүргіншілер серуен құратын жолдары салынған.

Қалада құрылған қоғамдық кеңістіктер қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы орта болумен қатар, микроклиматты қалыптастыруда зор маңызға ие. Қалада бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, жасыл аймақтар көлемі ұлғаятын болады.

Еске сала кетсек, осыған дейін Қошқар ата өзенінің бойы абаттандырылып, демалушыларға жағдай жасалған еді. Сонымен қатар, Түркістан, Желтоқсан көшелерінің бойында құрылған гүлзар бұл күнде тұрғындардың сүйікті орнына айналып үлгерген.


Бөлісу