ШЫМКЕНТТЕ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛДЫ: білім сапасы артып, жаңа оқу жылына дайындық қарқын алды

0
69

Балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған қосымша білім беру жүйесінде бүгінде 112 мыңнан астам оқушы түрлі үйірмелермен қамтылған.


ШЫМКЕНТТЕ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛДЫ: білім сапасы артып, жаңа оқу жылына дайындық қарқын алды

Шымкент қаласында 2025–2026 оқу жылының қорытындысы шығарылып, жаңа 2026–2027 оқу жылына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Қаладағы білім беру саласында білім сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, педагогтердің кәсіби әлеуетін көтеру және цифрландыру бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылды.

Өткен оқу жылында қаладағы 1 388 білім беру ұйымында 405 мыңнан астам бала білім алды. Оның ішінде 658 мектепке дейінгі ұйым мен 291 жалпы орта білім беру ұйымы жұмыс істеді.
Мектепке дейінгі білім беру саласында мемлекеттік тапсырыс аясында 76 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілген уақыттан бері 99 мыңнан астам ваучер берілді. Қазіргі уақытта 2–6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 84,5 пайызға жетті. Биыл мемлекеттік тапсырыс есебінен жекеменшік балабақшаларда 3 500 жаңа орын ашу жоспарланып, оның 2 114 орны пайдалануға берілді. Сонымен қатар мемлекеттік тапсырыстың орындалуына жүргізілген мониторинг нәтижесінде талаптарға сәйкес келмеген тоғыз балабақша мемлекеттік тапсырыстан шеттетілді.
Жалпы орта білім беру ұйымдарында өткен оқу жылында 277 мыңнан астам оқушы білім алды. Оның ішінде 16 003 түлек мектеппен қоштасса, 24 178 оқушы 9-сыныпты тәмамдады. Биыл 766 мектеп бітіруші «Алтын белгі» иегері атанып, 1 196 түлек үздік аттестатқа, ал 9-сыныптың 1 608 оқушысы үздік куәлікке ие болды. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.
Шымкенттік оқушылар республикалық және халықаралық олимпиадаларда да табысты өнер көрсетті. 80-нен астам түлек әлемнің жетекші жоғары оқу орындарынан шақырту алып, халықаралық білім гранттарын жеңіп алды. Ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадаларда қала оқушылары көптеген жүлделі орындарды иеленді. Ал М.Х.Дулати атындағы №8 мамандандырылған гимназияның оқушысы Керімбай Саян халықаралық «Regeneron ISEF-2026» ғылыми-техникалық байқауының финалдық кезеңіне жолдама алды.
Инклюзивті білім беру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда ерекше білім беру қажеттілігі бар 12 857 балаға арнайы ұйымдарда және жалпы білім беру мекемелерінде қолдау көрсетілуде.
Педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында жүзеге асырылған «Сапалы білім» жобасы аясында 13 мыңнан астам мұғалім қатысқан «Білім беру шебері» байқауы өткізілді. Нәтижесінде үздік шыққан 10 педагогке бір жыл бойы ай сайын 200 мың теңгеге дейін қосымша сыйақы тағайындалды.
Балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған қосымша білім беру жүйесінде бүгінде 112 мыңнан астам оқушы түрлі үйірмелермен қамтылған. Сонымен бірге жазғы демалыс кезеңінде «Kitap Camp», «PROF START» және «EduCampShym» жобаларына 224 мыңнан астам оқушы қатысты. Әлеуметтік осал санаттағы балалардың сауықтыру демалысын ұйымдастыру үшін биыл алғаш рет «QOSYMSHA» ақпараттық жүйесі енгізіліп, жолдамаларды бөлу үдерісі толық цифрландырылды.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 37 колледжде 49 мыңнан астам студент білім алды. Дуальды оқыту жүйесі арқылы 10 мыңнан астам студент тәжірибелік даярлықтан өтті. Ал жаңа оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 6 мың грант бөлініп, құжат қабылдау науқаны басталды.
Қаладағы білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Биыл бірқатар мектеп пен балабақшада күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге жаңа мектептер мен қосымша оқу корпустары пайдалануға беріліп, тағы бірнеше білім беру нысанының құрылысы жалғасуда.
Білім беру жүйесін цифрландыру бағытындағы «AIQYN» және «Qarqyn» жобалары нақты нәтижелер көрсетті. Бейнеаналитика арқылы қауіпсіздік пен оқу процесіне тұрақты мониторинг жүргізілді. Сонымен қатар цифрлық талдау нәтижесінде қаржыландыру, контингент және мемлекеттік тапсырыс бағытындағы бірқатар сәйкессіздіктер анықталып, оларды түзету жұмыстары қолға алынды.
Шымкент қаласының білім беру жүйесінде жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға, білім беру ұйымдарының тиімділігін күшейтуге және жаңа оқу жылын жоғары деңгейде ұйымдастыруға бағытталған.
Бөлісу