Тағы 6 жер учаскесін мемлекеттік меншікке алу шешімі шықты.
Шымкенттегі бірқатар елді мекендердегі жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Елімізде жайылымның жетіспеуі – ауыл шаруашылығы саласы үшін өзекті мәселе. Осыған орай, Мемлекет басшысы пайдаланылмай жатқан жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл бағытта Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы және басқа да мақсаттарға арналған жерлерге кешенді мониторинг жүргізу бойынша жұмыс тобы құрылған болатын.
Қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы және құзырлы органдар бірлескен жұмыс тобы мониторинг жүргізіп, нәтижесінде бірқатар елді мекендердегі жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды. Атап айтқанда, Ынтымақ шағын ауданы аумағынан 15,73 га. және 24,15 га. бос жер учаскесі Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына тұрақты жер пайдалану құқығымен рәсімделді.
Сондай-ақ, Әл-Фараби аудандық сотының шешіміне сәйкес, 6 жер учаскесін мемлекеттік меншікке алу шешімі шыққан. Осы шешім негізінде игерілмеген бос жерлер мемлекетке қайтарылды.
Бұдан бөлек, Шымкент қалалық жер комиссиясында анықталғандай 9 жер учаскесінің пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Бүгінде жалпы алаңы 14,34 гектар жерді басқармаға рәсімдеу жұмыстары әзірленіп жатыр.
Арнайы құрылған жұмыс тобының мониторинг жұмыстары жалғасады. Бұл бағыт бойынша бос жер телімдері анықталған жағдайда мемлекет теңгеріміне алынады.
Айта кетейік, қалада кәсіпкерлер үшін ашықтықты қамтамасыз етуде «КАЗГИСА» ЖШС тарапынан геопортал әзірленген. Геопорталға қаланың егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, Бас жоспары және инженерлік жүйелері бойынша электронды ақпараттары енгізілген. Шымкент қаласының азаматтары үшін де жалпыға ашық карта «http://geo-shym.kz» сайтында қол жетімді. Ақпараттық порталдың «Тақырыптық карталар» бөлімінде шаһардың бас жоспары, аумақтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы, қаланың шекарасы, функционалды аймақтар, бағалау аймақтары, қауіпсіздік аймақтары, қызыл сызықтар және басқалар туралы мәлімет толық берілген. Картографиялық материалдар қажеттілігіне қарай үнемі жаңартылып отырады.