Сергек камераларына қарайтын 32 автоматтандырылған жаңа жұмыс орны құрылды.
Шымкентті тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы әрі қауіпсіз қала ету мақсатында жыл сайын көшелерге және көп қабатты тұрғын үйлерге қойылып жатқан бейнебақылау камераларының саны артып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов «Ońtústik» телеарнасының «Әкім сағаты» бағдарламасында қалаға өткен жылы 3 153 камера, биыл 3 177 камера қойылғанын айтты. Оның ішінде 4 441-і қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға, 1889-ы жол қауіпсіздігіне бағытталған. Олардың барлығы Полиция департаментіне қарасты жедел басқару орталығы арқылы басқарылады.
Жедел басқару орталығының техникалық базасы да жаңартылды. Нәтижесінде камераларды шолу 3 есеге артты. Сергек камераларына қарайтын 32 автоматтандырылған жаңа жұмыс орны құрылды. Бейнеқабырғаларға бұрын екі жүйе қосылған болса, енді олардың саны 8-ге өсті, яғни әлеуметтік нысандар, сергек, GPS карталар, пелко, ИНТЕГРА-С қосылды.
Тәртіп, тазалық пен жол ережесін сақтау, жалпы қауіпсіздігіміз үшін камералардың маңызы орасан зор.