Оның 31-і кредиттік, 20-сы арендалық үйлер.
Шымкент қаласында биыл бюджет есебінен көпқабатты 51 тұрғын үй салынып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Оның 31-і кредиттік, 20-сы арендалық үйлер. Қалалық құрылыс басқармасы мамандарының мәліметі бойынша, осы үйлердің жалпы ауданы 239 300 шаршы метрді құрайды. Онда 2 972 пәтер бар.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы Тұран шағынауданы мен әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтерген 7 арендалық үйдің құрылысы аяқталып, ондағы пәтерлер баспана кезегінде тұрған отбасыларға шілде айында тапсырылған. Жыл соңына дейін қалған 24 кредиттік және 20 арендалық үйді ел игілігіне беру жоспарлануда.
Сонымен қатар биыл Шымкент қаласының құрылыс басқармасы тарапынанан білім беру саласында 4 600 орынға арналған 11 білім ғимаратының құрылысы жүруде. Оның ішінде 4 орта мектептің жанынан салынған қосымша ғимараттар жаңа оқу жылы басталғанға дейін салынып бітті. Ал, жыл соңына дейін білім саласында тағы 3 нысан пайдалануға беріледі. Қалған 4 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі.
Оған қоса, бүгінгі таңда білім саласында жалпы 6 690 орынға арналған 16 ғимараттың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.
Айта кетейік, Шымкент қаласы республика бойынша тұрғын үй құрылысы өте қарқынды жүріп жатқан аймақтардың қатарына кіреді. 2020 жылы 649,1 шаршы метрге баспана салынған болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 1 миллион шаршы метрге дейін жетті. Шымкент қалалық құрылыс басқармасы ұсынған ақпараттарға сәйкес, жыл соңына дейін 173,3 мың шаршы метр құрайтын жалпы саны 2084 пәтердің құрылысын жүргізу жоспарланған.Қалада техникалық тексеру нәтижелері бойынша тозығы жеткен 107 тұрғын үй анықталған. Аталған тұрғын үйлерді реновация бағдарламасына енгізу қарастырылуда. Қазіргі таңда реновациялық бағдарламаны инвесторлар арқылы азаматтық заңнамаға сәйкес жүзеге асыру жайы қолға алынуда.