Шымкентте 259 дін қызметкері бар.
Шымкент қалалық №13 емханасында мегаполистің дін қызметкерлері ревакцинациядан өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласында Қазақстан Мұсылмандарының Діни басқармасына қарасты 88 мешіт болса, онда қызмет ететін 259 дін қызметкері бар.
— 2021 жылы дін қызметкерлерінің 89 пайызы дәрігердің рұқсатымен коронавирусқа қарсы екпе алған еді. Мерзімі келген соң, биыл осы азаматтар №13 емханаға ревакцинация алуға келіп отыр. Өткен екпе алу кезеңінде дін қызметкерлері арасында кері әсері тиген азаматтар кездескен жоқ. Алайда, өткен жылы вакцинацияға дейін 6 дін өкілі коронавирус дертінен бақилық болды. Пайғамбарымыз Мұхамед с.а.с «Адам екі нәрсенің қадірін білмейді. Біріншісі — уақыт. Екіншісі — денсаулық» деген. Әр адам өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Сондықтан қала тұрғындарын екпе алуға шақырамын, - деді Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов.
Шымкент қалалық №13 емханасының инфекционист-дәрігері Феруза Рахманованың айтуынша, емханаға 53 425 азамат тіркелген. Оның ішінде екпе алуға тиіс 29 018 адам толығымен вакцинацияланған.
— Бүгінде емхана мектеп оқушылары мен жүкті, емізулі әйелдерге вакцинация жасап, өзге тұрғындарды ревакцинациядан өткізуде. 12-18 жас аралығындағы 850 оқушыға, 36 жүкті әйелге және 70 босанған әйелге Pfizer екпесі салынды. Ревакцинацядан емханаға қарасты 4000 адам өткен. Оның ішінде жүкті 46, босанған 6 әйел бар. Сондай-ақ, 60 жастан асқан 95 қария Pfizer екпесімен ревакцинацияланды, - дейді Ф.Рахманова.