Шымкентте экологиялық заңнаманы бұзған бірқатар кәсіпорындарға айыппұл салынды

0
71

Ауа сапасына мониторинг жеті бақылау бекеті арқылы жүргізілуде.


Шымкентте экологиялық заңнаманы бұзған бірқатар кәсіпорындарға айыппұл салынды

Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті 2026 жылдың алғашқы алты айында қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік экологиялық бақылау жұмыстарын күшейтіп, заң талаптарын бұзған кәсіпорындарға қатысты бірқатар шара қабылдады.

Жыл басынан бері департамент 29 тексеру жүргізді. Оның ішінде 15 профилактикалық бақылау, 12 жоспардан тыс тексеру және 2 талаптарға сәйкестігін тексеру ұйымдастырылды. Нәтижесінде 39 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 91,3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның 72 миллион теңгесі мемлекет кірісіне өндірілді. Сонымен қатар анықталған заңбұзушылықтарды жою мақсатында 29 нұсқама берілді.
Экологиялық талаптарды өрескел бұзған кәсіпорындарға қатысты қатаң шаралар қабылданды. Атмосфералық ауаға рұқсатсыз және белгіленген нормадан тыс шығарындылар шығарғаны үшін «Rock Minerals» ЖШС-не 17,6 миллион теңге, ал «Polymettech» ЖШС-не 63,9 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, сот шешімімен «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС, «Rock Minerals» ЖШС және «Polymettech» ЖШС қызметі уақытша тоқтатылды.
Экологиялық рұқсатсыз жұмыс істегені анықталған «DIP TRANS LOGISTICS» ЖШС мен «Тазалық СК» ЖШС-не қатысты да әкімшілік жауапкершілік қолданылып, сот қаулысымен айыппұл салынып, қызметі белгілі бір мерзімге тоқтатылды.
Алты ай ішінде «Су ресурстары-Маркетинг», «Шымкентцемент», «AZALA Textile», «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» және индустриялық аймақтардағы өзге де кәсіпорындарға бақылау жүргізілді. Жалпы тексерілген нысандардың басым бөлігі өндірістік кәсіпорындар болды.
Қаланың атмосфералық ауасының жай-күйі тұрақты бақылауда. «Қазгидромет» мәліметіне сәйкес, 2026 жылы Шымкент қаласындағы ауа сапасының ластану деңгейі көтеріңкі деп бағаланған. Қаладағы негізгі ластаушы көздер ретінде өндірістік кәсіпорындар, автокөлік құралдары және жылыту маусымындағы жеке тұрғын үйлердің шығарындылары аталады.
Ауа сапасына мониторинг жеті бақылау бекеті арқылы жүргізілуде. Сонымен қатар «ПКОП», «Стандартцемент», «Шымкентцемент» және «3-Энергоорталық» кәсіпорындарында автоматтандырылған экологиялық мониторинг жүйесі енгізіліп, шығарындылар онлайн режимде бақыланады.
Атмосфералық ауаның сапасын жақсарту мақсатында Полиция департаментімен бірлескен рейдтер ұйымдастырылды. Тексеру барысында 49 автокөлік тексеріліп, оның 10-ынан белгіленген нормадан жоғары зиянды шығарындылар анықталды. Нәтижесінде алты жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды.
Экологиялық реттеу бағыты бойынша алғашқы жартыжылдықта 37 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде бірінші санаттағы объектілерге экологиялық рұқсаттар беріліп, қоршаған ортаға әсерді бағалау бойынша қорытындылар дайындалды. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 42 кәсіпорын бірінші, 146 кәсіпорын екінші, 477 кәсіпорын үшінші және 368 кәсіпорын төртінші санатқа жатқызылған.
Департаменттің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімі 43 нысанда зерттеу жүргізіп, 634 сынама алып, 4 мыңнан астам зертханалық талдау орындады. Мониторинг барысында Қошқар ата, Қарасу және Бадам өзендерінің қала аумағынан өткеннен кейінгі бөліктерінде ластаушы заттардың мөлшері артатыны анықталды. Мамандар мұны ирригациялық жүйелерден ағызылатын төгінділермен және өзен жағалауындағы тұрғын үйлердің кәріз жүйесіне толық қосылмауымен байланыстырады.
Экология департаменті алдағы уақытта да қоршаған ортаны қорғау талаптарының сақталуын бақылауды күшейтіп, заң талаптарын бұзған кәсіпорындарға қатысты заң аясында тиісті шаралар қабылдауды жалғастырады.
Бөлісу