Шымкентте ғылым мен білім саласындағы жаңа бастамаларға арналған халықаралық семинар өтті

0
69

«Ғылым мен білім саласын дамытудағы мемлекеттік бағдарламалар – мемлекеттің идеологиясында ұлттық ой-сананы қалыптастыру» тақырыбында пікір алмасулар өтті.


Шымкентте ғылым мен білім саласындағы жаңа бастамаларға арналған халықаралық семинар өтті

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Шымкент қаласында «Қоғамдық келісім» мекемесінің жанындағы Ғылыми-сарапшылық тобының «Жас ғалымдар» клубының жетекшісі, М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың «Тарих және этнология» ғылыми орталығының басшысы, докторант, «QAZAQTANÝ» журналының жауапты редакторы Шолпан Торғаутованың бастамасымен кезекті ғылыми тағылымдама өткізілді.

12 қыркүйек күні оффлайн және онлайн форматта ұйымдастырылған жиын «Гуманитарлық саладағы жаңа ғылыми-әдістемелік жобалар: білім саласына ықпалы» тақырыбына арналды. Тағылымдаманың негізгі мақсаты – гуманитарлық ғылымдардағы жаңа әдістемелік жобаларды талқылап, олардың білім беру саласына ықпалын бағалау, сондай-ақ шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасу болды.

Семинарда «Ғылым мен білім саласын дамытудағы мемлекеттік бағдарламалар – мемлекеттің идеологиясында ұлттық ой-сананы қалыптастыру» тақырыбында пікір алмасулар өтті. Спикерлер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген міндеттерге тоқталып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісінде ғалымдар мен педагогтардың ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

2025 жыл еліміздің тарихында бірқатар маңызды мерейтойлармен ерекшеленбек. Атап айтқанда, биыл Шоқан Уәлихановтың туғанына – 190 жыл, Абай Құнанбайұлының туғанына – 180 жыл, Қарамола ережесінің қабылданғанына – 140 жыл, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына – 30 жыл толып отыр. Бұл мерейтойлар ұлттық тарихи сананы жаңғыртып, жас ұрпаққа тағылымды ой салуға бағытталған ғылыми жұмыстарға серпін бермек.

Семинарға Өзбекстан Республикасының Жиззақ политехникалық университетінің тарих, философия және дінтану бағытындағы «Әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының профессорлары қатысты. Олар гуманитарлық ғылымдар саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп, ғылыми байланыстарды нығайтуға үлес қосты.

Өз сөзінде Шолпан Торғаутова 2025 жылы жарық көретін «Почетный казах – Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы: «Положение Қарамола» 1885 год (перевод и научный анализ)» атты монографиясының мазмұнымен таныстырды. Зерттеуде «Қарамола ережесінің» 74 бабына жан-жақты талдау жасалып, ұлттық идеологиядағы тарихи сана мен этносаралық татулықты нығайтуға қатысты жаңа деректер келтірілген. Бұл еңбек – қазақ қоғамының құқықтық, әлеуметтік-саяси дамуын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін маңызды ғылыми еңбек болмақ.

Сонымен қатар, ғалымдар мен магистранттарға, докторанттарға М.Әуезов атындағы ОҚУ жанынан шығатын «QAZAQTANÝ» журналына ғылыми мақалалар жариялау ұсынылды. Басылымның гуманитарлық бағыты бойынша «Қазіргі Қазақстанның этносаяси және этномәдени үрдістері», «Тарих», «Этнология», «Тұлғатану», «Әлеуметтану» сияқты айдарлар қарастырылған. Бұл – жас зерттеушілердің еңбектерін халықаралық деңгейде таныстыруға ашық алаң болып отыр.

Жалпы, өткен семинар ғылым мен білім саласында мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың маңызын айқындап, ұлттық ой-сананы қалыптастыруда зерттеушілер мен педагогтардың атқаратын жұмысының салмағын көрсетті. Мұндай кездесулер жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттырып қана қоймай, Қазақстан мен шетелдік жоғары оқу орындарының өзара ынтымақтастығын нығайтады.

Бөлісу