Шымкентте кәріз жүйесінің су тазалау қондырғысының құрылысы басталды

0
1 029

Жаңа қондырғы қосымша тәулігіне 50 мың текше метр су тазартады.


Шымкентте кәріз жүйесінің су тазалау қондырғысының құрылысы басталды

Шымкент қаласында кәріз жүйесінің су тазалау қондырғысының қуатталығын арттыру бойынша қосымша жаңа нысанның құрылысы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қаланың солтүстік-батыс аумағында салынатын нысанның жалпы ауданы – 4,2 га. Бас мердігер – «Сарыағаш-Аман» ЖШС. Жаңа қондырғы қосымша тәулігіне 50 мың текше метр су тазартып, жалпы шаһарда су тазарту жағдайы 200 мың текше метрге жетеді.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жаңа құрылысты бастап беріп, маңызды жобаның мүмкіндігімен танысты. Қазіргі таңда шаһарда ӘІО, «Шымкент сити» шағынауданында, қаланың солтүстік бөлігінде көпқабатты үйлер құрылысы қарқын алған. Жаңа елдімекендер қосылып, жеке секторлар құрылып жатыр. Осыған орай халықты кәріз жүйесімен қамтып, халыққа қолайлы жағдай жасау басты назарда тұр.
Қала әкімі кәріз жүйесімен қамту, су тазарту құрылғыларының әлеуетін арттыру мәселесі кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.
Шаһарда кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 60 пайызға жетті. Қаланың алдағы дамуын ескеріп, «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-мен бірлесе алдын ала жаңа тазарту құрылғысын бастап отырмыз. Жаңа жоба мемлекеттік бағдарламаға енгізілді. Қаржының 50 пайызы мемлекет тарапынан бөлінсе, жартысы Еуропалық қайта құру және даму банкінің несие қаржысы есебінен тартылды. Құрылысты 2024 жылы аяқтап, нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы елдімекендер мен шағынаудандарды кәрізбен қамтуды 2025 жылға дейін 75 пайызға жеткізу жоспарда, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Жаңа жобаға тапсырыс беруші «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-нің бас директоры Анарбек Орманның айтуынша, жобаның жалпы құны – 3,6 млрд теңге. Аталған мекеме көп жылдан бері Польша елімен әріптестік байланысын арттырып келеді. Осыдан он жыл алдын 100 мың текше метр суды тазарту жобасына қол жеткізді. Қаланың кеңеюіне байланысты үш жыл алдын бұл көрсеткіш 50 мың текше метрге ұлғайды. Енді міне, тазалау үдерісінің қуаттылығын одан әрі арттыру міндеті тұр.
Қазір тәулігіне 150 мың текше метр су тазартып отырмыз. Осы жоба арқылы бұл көрсеткішті 200 мың текше метрге жеткіземіз. Сонымен қатар, біз кәріз қалдықтарынан бигоаз алып, одан электр энергиясын өндіреміз. Осында пайдаланып жатқан электр энергиясының 95 пайызын өзімізде өндіру мүмкіндігі бар. Қосымша жаңа нысанның құрылысына қала әкімдігі қолдау көрсетті. Енді құрылысты 1,5 жылда аяқтаймыз деген жоспар бар, – дейді компанияның бас директоры.
Жалпы қалада кәріз мәселесі қаланың жаңа Бас жоспарына сәйкес толыққанды шешіледі. Алда 350 мың текше метр қуаттылығы бар тазалау қондырғысын салу да жоспарда бар. Ол жоба іске асса, халық 100 пайыз кәріз жүйесімен қамтылмақ.
Айта кетейік, мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында желілер мен қуаттардың тозуын кем дегенде 15 пайызға азайтуға тапсырма берген еді. Шаһарда бұл бағытта да тиісті жұмыстар жүргізілуде.