Шымкентте кезекте тұрғандарға пәтер кілті табысталды

0
753

Биыл Шымкент қаласында әлеуметтік әлсіз топтар мен жұмыс істейтін жастарға 1 605 арендалық пәтер беру жоспарланған.


Шымкентте кезекте тұрғандарға пәтер кілті табысталды

Бүгін Шымкент қаласындағы 90 отбасы әлеуметтік пәтерге ие болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Көпқабатты тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға сатып алу құқығынсыз берілді.

Тұран шағын ауданында қазір көпқабатты 5 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 200 пәтер дайын тұр. «Тұран» және «Нұрсат» шағын аудандарында орналасқан пәтерлердің 37-і көпбалалы отбасыларға, 36-ы халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топ мүшелеріне, 17-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға тапсырылды. Қалғандары арнайы комиссияның шешімі бойынша кезекте тұрған отбасыларға үлестіріледі. Мұның барлығы сатып алу құқығынсыз берілетін арендалық пәтерлер екенін айта кеткен жөн.

Жаңа қоныстанушыларды баспанамен қала әкімінің орынбасары М.Исахов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Б.Нарымбетов арнайы барып құттықтап, пәтер кілтін табыстады.

Халқымызда «Үйі жоқтың күйі жоқ» деген сөз бар ғой. Баспана — отбасындағы берекенің бастауы. Сондықтан баршаңызға қоныс құтты болсын! Осы үйлердің іші қуаныш пен шаттыққа толы болсын, — деді Б.Нарымбетов.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Көп балалы аналардың жағдайы – әлеуметтік саланың барометрі» екенін айтып, көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында пәтерлер беруді тапсырған. Осыған орай қалада арендалық 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жалпы биыл 1605 отбасыны әлеуметтік баспанамен қамту жоспарланған болса, осы жылдың сәуір – мамыр айларында түрлі санаттағы 83 отбасыға пәтер табысталған болатын.

Бұдан бөлек, «5-20-25» кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша биыл 1524 азаматты несиелік тұрғынжаймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Аталған тұрғын үйлердің конкурсы кезең-кезеңімен «Отбасы банк» арқылы жүргізілуде. Жеңілдетілген несиелік бағдарламаларға қатысушылар үшін әлеуметтік көмек ретінде Шымкент қаласында биыл тұрғын үй сертификаты үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаржы қаралып отыр. Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде беріледі.

Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының дерегінше, өткен жылы 976 отбасын арендалық пәтермен қамту жоспарланып, жыл қорытындысы бойынша 812 жанұя арендалық пәтермен қамтылған. Оның ішінде жетім балалар – 60, көпбалалы отбасылар – 240, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 212, жұмыс істейтін жастар – 300. Қалған 164 пәтердің 121-і биыл қаңтар айында берілді. 43-і тұрғын үй комиссиясының қарауына ұсынылып, осы айда кезекте тұрған азаматтар баспанамен қамтылатын болады. Биыл қалада «Жайлы тұрғын үй» шеңберінде кезекте тіркелген 1,2 топ мүгедектерге, жетім балаларға, көпбалалы және мүгедек баланы тәрбиелеуші отбасыларға Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан жеке тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жалдау ақысын субсидиялау тетігін енгізу мәселесі қарастырылуда. Атаулы көмек қағидатына сәйкес, жалға алынған үйдің 50% - мемлекет, қалған 50% - ын жалға алушы өз бетінше төлейді.