Шымкентте қоғамдық кеңістік пен медициналық инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілуде

0
67

Жаңа қоғамдық кеңістік қолайлы қалалық ортаны қалыптастыруға және шағынаудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.


Шымкентте қоғамдық кеңістік пен медициналық инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілуде

Шымкент қаласының әкімі кезекті жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, қаланы абаттандыру және денсаулық сақтау саласындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Алдымен қала басшысы Достық шағынауданында жаңадан салынған қоғамдық кеңістікті көріп шықты. Аталған жоба жергілікті тұрғындардың ұсынысы негізінде демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылған. Демалыс аймағында шамамен 1 000 шаршы метр аумақ көгалдандырылып, жарықтандыру бағаналары мен орындықтар орнатылған. Сондай-ақ автоматты суару жүйесі іске қосылған. Жаңа қоғамдық кеңістік қолайлы қалалық ортаны қалыптастыруға және шағынаудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Одан кейін қала әкімі №2 қалалық аурухананың жұмысымен танысты. Мекемеде жасанды интеллект негізінде енгізілген заманауи медициналық технологиялардың нәтижелері таныстырылды. Аурухана қалада алғаш болып инсультті ерте анықтауға арналған отандық «Cerebra» жүйесін қолданысқа енгізген. Бұл жүйе нақты әрі жедел диагноз қоюға мүмкіндік беріп, дәрігерлерге тиімді емдеу тактикасын таңдауға көмектеседі. Сонымен қатар инсульттен болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендетуге оң ықпал етеді.
Жалпы ауруханада цифрландыру және орталықтандырылған госпитальдық фармация бағыттары бойынша бірқатар жобалар сәтті жүзеге асырылған. Бұл шаралар дәрі-дәрмектерді тиімді пайдалануға және медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік берген.
Сондай-ақ Қаратау ауданындағы №3 қалалық аурухананың жұмысы да назардан тыс қалмады. Қала басшысы медициналық кабинеттер мен құрал-жабдықтардың жай-күйін, науқастарға жасалған жағдайды, сондай-ақ жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Көпбейінді медициналық мекеме аудан тұрғындарына кең ауқымды қызмет көрсетеді.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау, медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған шараларды жүйелі түрде жалғастыру, пациенттерге қызмет көрсету деңгейін жетілдіру және денсаулық сақтау ұйымдарын заманауи стандарттарға сәйкестендіру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Бөлісу