Жыл басынан бері қоғамдық көлік бойынша түскен 6 мың арыз-шағымның 3 мыңнан астамы жүргізушілерге қатысты.
Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасымен арнайы қаулы әзірленіп, қоғамдық көлікте қолма-қол төлем түрі жойылды.
Енді төлемді тек электронды жолмен – көлік картасы, QR код, СМС, банк карталары, арнайы қосымшадан NFC және Apple pay, Google pay, Samsung pay арқылы ғана жасауға болады.
Бұған дейін қоғамдық көлікте қолма-қол төлем түрін жүргізушінің өзі жүргізетіндіктен, көлік құралын басқарудан алшақтауға
мәжбүр болатын. Бұл жолаушылардың, жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Оған қоса, қоғамдық көлік жүргізушісі мен жолаушылар арасында жиі түсініспеушіліктер орын алатын. Жыл басынан бері қоғамдық көлік бойынша түскен 6 мың арыз-шағымның 3 мыңнан астамы жүргізушілерге қатысты. Оның ішінде, жолаушыларды қолма- қол ақшамен төлеуге мәжбүрлеу, қасақана есіктерді ашпау жайттары тіркелген.
Бұдан бөлек жүргізілген талдауға сәйкес автобустарда 97% транзакциялар электрондық жүйелері арқылы (карта, QR-код, SMS), ал қалған 3%-ы ғана қолма-қол ақшамен төленген. Бұл көрсеткіш те жолаушылар үшін электронды жүйенің тиімді екенін көрсетеді.
Енгізілетін өзгерістердің нәтижесінде көлеңкелі ақша айналымы, қоғамдық көліктердің бекітілген уақытынан кешігуі және жол көлік оқиғалар көрсеткіші айтарлықтай төмендейді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда мегаполисте 80 тұрақты маршрутта күнделікті 947 автобус жолаушыларды тасымалдауда.
Еске салсақ, бұған дейін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «2024 жылдың 9 айында жолаушылар тасымалы саласында атқарылған жұмыстар туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтіп, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ибрагимов Ролан Бекмағамбетұлы, «Smart mobility» ЖШС директоры Камидоллин Жомарт Ерболатұлы және Баймаханбет көлік саласының сарапшысы Байболат Досалыұлы БАҚ өкілдеріне Шымкент қаласында қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру және тасымалдаушылардың жауапкершілігін күшейту мақсатында «Avtobys» электрондық билет жүйесі іске қосылғанын айтқан еді.