30-дан астам кәсіпкер өздеріне қатысты сыртқы жарнамаға төлем есептелгенін мерзімінен кейін банк қосымшалары арқылы ғана білген.
Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібінде сыртқы (визуалды) жарнаманы орналастыруға төлем мен өсімпұл есептеу мәселесі қаралды.
Бұған Кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлер өтініш жасауы себеп болған. Бизнес қоғамдастық өкілдерінің айтуынша, 30-дан астам кәсіпкер өздеріне қатысты сыртқы жарнамаға төлем есептелгенін мерзімінен кейін банк қосымшалары арқылы ғана білген. Соның салдарынан есеп-шотымыз бұғатталу қаупі бар дейді кәсіпкерлер. Сонымен қатар, есептелген төлем сомасы нақты орналастырылған жарнаманың көлеміне сәйкес келмейді деп шағымданды.
Жиын барысында мемлекеттік орган өкілдері кәсіпкерлік субъектілерге есептелген төлемдер мониторинг нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органнан салық органдарына берілген мәліметтер негізінде есептелгенін айтты. Ал уәкілетті орган өкілдері кәсіпкерлерге жарнама мен маңдайшаның айырмашылығы туралы түсіндірді.
«ҚР Жарнама туралы заңына тоқталсақ, жарнама – кез келген құралдың көмегімен кез келген нысанда таратылатын немесе орналастырылатын жеке немесе заңды тұлғалардың тауарларына, тауар белгілеріне, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге қызығушылықты қалыптастыруға, өткізуге ықпал ететін ақпарат. Ал маңдайша – қандай да бір жұмыс орнының жұмыс уақыты, айналысатын қызметі туралы логотип ретінде көрсетілетін ақпарат», – дейді Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Нұрғали Бөрібеков.
Қалыптасқан жағдайға байланысты Кеңес кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделері мен құқықтарының бұзылуына жол бермеу және ондай тәуекелдерді азайту, салық және әкімшілік заңнамаларының нормаларын қолдануда бірыңғай әрі заңды тәсіл қалыптастыру мақсатында прокурорлық ден қою шараларын бастау орынды деп тапты. Шымкент қалалық прокуратурасы басқармасының басшысы Батыр Ергешов қалыптасқан жағдай жан-жақты зердереніп, әр кәсіпкерлердің өтініші дәлел-дәйектерімен мұқият қаралатынын айтты.
Кәсіпкерлер палатасының өкілдері де бұл бағыттағы жұмыс әрдайым назарда болатынын жеткізді.
«Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасының басты мақсатының бірі – дауласу емес, мемлекет пен бизнес қоғамдастық өкілдерінің мүдделерінің теңдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғайтын ашық әрі бірізді тәсілдерді қалыптастыру екенін атап өткім келеді. Осы орайда осындай ұқсас жағдайға тап болған кәсіпкерлер құқықтық қолдау алу үшін Кәсіпкерлер палатасына жүгіне алады», – деп атап өтті Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Майя Исаева.
Жиынды қорытындылай келе Кеңес кәсіпкерлік қызметке жағымсыз әсерді азайту және сыбайлас жемқорлық көріністерінен бизнесті қорғаудың тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар резолюция қабылдады.


