​Шымкентте құрылыс алаңында жұмысшы мерт болды

0
1 340

34 жастағы азаматтың әлгі тұрғын үй кешеніне келгеніне небәрі 2 күн ғана болыпты.


​Шымкентте құрылыс алаңында жұмысшы мерт болды

ERNUR.KZ. Шымкентте жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешенінде жұмысшы мерт болды. 34 жастағы ер адамның үстіне құрылыс панелі құлап кеткен. Ауыр дене жарақатын алған ол оқиға орнында жан тапсырған. Осы жағдайға байланысты шұғыл комиссия құрылып, тексеру басталды. Марқұм Өзбекстан азаматы екен. Шымкентке 2 күн бұрын ғана келген ол жаңа жұмыс орнымен танысып жүргенде өмірімен қош айтысқан, деп жазады Еуразия бірінші арнасы.

Оқыс оқиға «Бақыт» тұрғын үй кешенінде күндізгі бір мен екінің арасында болған. Өзбекстаннан жұмыс іздеп келген Ербол Әбдуәлиев көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің құрылысына жалданып, нәпақасын таппақ болған. Сөйтіп, "Нұрсәт" шағын ауданындағы 9 қабатты үйдің әрлемекке келісіпті. Құрылыс алаңында жүрген сәтте, абайсызда 3-қабаттың балконында тұрған бөлмеаралық панелдің қалдығы үстіне құлап кетіпті.
"Шетте тұрған жерінен түсіп кеткен. Оны енді ешкім тастағаны, краннан түсіп кеткен жағдай болған емес. Енді қайғылы оқиға, қалай айтсаңыз да сол жазатайым басына түсіп кеткен" - дейді учаске басшысы НҰРҒАЛИ ҚОШМАҒАНБЕТОВ.
34 жастағы Ербол Әбдуәлиевтің әлгі тұрғын үй кешеніне келгеніне небәрі 2 күн ғана болыпты. Тіпті, жұмыс берушімен екі жақты келісімге де қол қойып үлгермеген. Мәйіті туған жеріне жеткізіліп, бүгін жақындары оны ақтық сапарға шығарып салыпты. Ал компания өкілдері марқұмның отбасына материалдық және моралдік қолдау көрсетуге әзірміз дейді.
"Оны енді Сіздерге жалпы айтудың қажеті жоқ шығар деп ойлаймын. Өйткені, кейін туыстарынан сұрасаңыздар да болады. Бірақ, баланың толыққанды материалдық жағдайын көтеріп, жәрдем беруге дайынбыз" - дейді учаске басшысы НҰРҒАЛИ ҚОШМАҒАНБЕТОВ.
Ал мемлекеттік еңбек инспекциясы осы қайғылы жағдайға байланысты тергеп-тексеру амалдарына кірісіп кетті. Арнайы жұмыс тобы құрылыпты. Мамандар 10 күннің ішінде барлық фактілерді жіпкетізіп, полицияға жолдамақ.
"Тек қана жұмыс беруші емес, бас мердігер компания да жауапты болады. Мысалы бұл жерде «Оңтүстікқұрылыс» сервис компаниясының тұрғын үй кешені, сол салып жатқан. Бірақ, «Сарыбаев К» деген жеке кәсіпкердің жұмысшысы екен. Енді бұл жерде екі тарап та жауапты болады" - дейді қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы БАУЫРЖАН ҚАЛЖАНОВ.
Дегенмен, құрылыс алаңында жұмыс қызу жүріп жатыр. Осы айда нысанды тапсыру қажет екен. Еске сала кетейін, осыған ұқсас жағдай өткен аптада да болған еді. Ол кезде жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешенінің лифті шахтасынан 25 жастағы жұмысшы құлап кетіп, мерт болды.