Оларға Қазақстан Республикасына барлығы 2,7 млрд теңге сомасына зиян келтірілген деген айыптар тағылған.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Шымкентте 26 полиция қызметкері мен 12 делдал 3,5 жылдан 11 жылға дейінгі мерзімге сотталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Аталған сот отырысы жайлы Шымкенттегі Қылмыстық істер жөніндегі соттың ғимаратында өткен брифингте мәлім болды. Тиісінше, қылмыстық топ ұйымдастырды деп айыпталған Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД Әкімшілік полициясы емтихан-тіркеу басқармасының бұрынғы бастығы Артық Жаппаров 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Оған қоса, Сайрам, Бәйдібек, Мақтаарал аудандарының және Түркістан қаласының ТЕБ-нің бұрынғы басшылары Қуанышбеков Н., Әбдіғалиев Н., Ағабеков С. және Түрегелдиев М. 10 жыл мерзіміне жазаланды. Сонымен қатар, басқа да айыптыларға 8, 6 жылдан жаза тағайындалып, 23 адамға әртүрлі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, сотталған 26 тәртәп сақшысы өмір бойы шендерінен және мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды.
Айта кетейік, осыған дейін Шымкентте 26 полиция қызметкері мен 12 делдалға қатысты үкім оқыла бастаған еді. Айыпталушылар қатарында Оңтүстік Қазақстан ІІД Әкімшілік полициясы тіркеу-емтихан басқармасының бұрынғы басшысы Артық Жаппаров, мемлекеттік жол инспекторлары бағынатын үш аймақтық және бір қалалық бөлім деңгейдегі ТЕБ басшылары, криминалистер, көлік алып сатумен айналысқан делдалдар бар. Оларға қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары екі жылға созылып, қылмыстық іс 1538 томға жинақталған болса, сот отырысы бір жарым жылға жуық уақытқа жалғасқан.
Сотталушыларға пара алу, пара беру (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерін жалпы қорғау үшін пара алуға әрекет жасау), қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру, қызметтік жалған құжат жасау, жалған құжаттарды өндіру, сату және пайдалану, қылмыстық ұйым құру, басқару және оған қатысу, жүргізуші куәліктерін заңсыз берудің 144 фактісі және Қазақстан Республикасына қосалқы бөлшектер түрінде кіргізілген 353 автомобильді заңсыз тіркеу арқылы барлығы 2,7 млрд теңге сомасына зиян келтірілген деген айыптар тағылған болатын.