Шымкентте өрттің алдын алу шаралары жоспар аясында жүргізіліп жатыр

0
423

Бүгінгі отырыста өрт қауіпсіздігін алдын алу шаралары да пысықталды.


Шымкентте өрттің алдын алу шаралары жоспар аясында жүргізіліп жатыр

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы, республикалық бюджеттің атқарылу және өрт қаупі бар кезеңге дайындық шаралары қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қаңтар-сәуір айларында ел экономикасының 5%-ға өскенін баяндады. Барлық негізгі салаларда оң динамика байқалған.

Үкімет басшысы министрлер мен түрлі деңгейдегі әкімдерге экономиканы одан әрі әртараптандыруда және тұрақты жұмыс орындарын құруда кешенді шараларды жалғастыруды тапсырды.
Премьер-Министрдің айтуынша, Қазгидрометтің болжамы бойынша жаз мезгілі жылдағыдан ыстық әрі құрғақ болады деп күтілуде. Әсіресе, еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде өрт қаупі күшеюі мүмкін. Бүгінгі отырыста өрт қауіпсіздігін алдын алу шаралары да пысықталды.
Қазір өңірлер осы бағыттағы жұмыстарға қызу кіріскен. Шымкентте де тілсіз жауды алдын алу шаралары жоспар аясында жүргізілуде. Әлихан Смайылов табиғи өрттерді ерте анықтау жүйелерін белсенді түрде енгізу қажеттігіне тоқталып, дайындық жұмыстарын сапалы ұйымдастыруда бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Еске сала кетейік, 2021 жылы орман-дала өрттерін жедел сөндіру үшін жергілікті атқарушы органдар қала аумағында өрт қауіпті кезеңде 42 ерікті өртке қарсы құралымдар құрған. Оның жеке құрамында 405 адам, 69 бірлік бейімделген техника және 14 бірлік мотопомпасы бар. Ал Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде жоғары өтімді 24 бірлік техника (негізгі 11, арнайы 7, қосалқы 6) және 100 адам жеке құрамы дайындыққа келтірілген. Сондай-ақ, жыл басынан бері қала аумағында табиғи өрт тіркелмеген. Дегенмен аулаларда құрғақ шөп жану оқиғалары болып отыр. Мәселен, Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру бөлімдері мамыр айының мереке және демалыс күндері құрғақ шөптің жану оқиғаларына 25 рет шыққан.