Орталық өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтар мен отбасыларға әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсетеді.
Шымкент қаласында Отбасын қолдау орталығы 2025 жылы өмірлік қиын жағдайға тап болған 8 112 отбасыға кешенді әлеуметтік көмек көрсетті.
2025 жылғы 6 ақпандағы Шымкент қаласы әкімдігінің №435 қаулысына сәйкес мекеменің атауы «Бақытты жанұя» орталығы» КММ-нен Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Отбасын қолдау орталығы» КММ болып өзгертілді. Қазіргі таңда орталық өз жұмысын жаңа форматта жалғастыруда.
Орталық өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтар мен отбасыларға әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсетеді. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар азаматтарға бір айға дейін уақытша тұру мүмкіндігімен көмек беріп, неке мен отбасын сақтау, отбасылық жанжалдардың алдын алу және шешу бағытында жүйелі жұмыстар атқарады.
2025 жылы қала бойынша аз қамтылған, көпбалалы және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға барлығы 12 349 қызмет түрі көрсетілді. Оның ішінде 3 141 отбасы FSM Social ақпараттық жүйесі арқылы тіркелген. Аталған цифрлық платформа арқылы орталыққа 958 ақпарат (сигнал) келіп түсті. Ал «111» шұғыл қызмет көрсету желісі арқылы көмек сұрап жүгінгендер саны 62 адамды құрады.
Орталық мамандары 624 азаматқа кәсіби психологиялық қолдау көрсетсе, 333 тұрғынға құқықтық көмек берілді. Сонымен қатар Шымкент қаласының Тұрғын үй басқармасы мен «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесіп, 2 560 анаға тұрғын үй мәселесі бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 1 363 ананың құжаттары kezekte.kz порталына тіркеліп, олардың 32-сі мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үймен қамтылды.
Көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен аналардың өмір сүру сапасын арттыру, үй жағдайында табыс табуына мүмкіндік жасау мақсатында қысқа мерзімді тегін кәсіптік оқу курстары ұйымдастырылды. Аталған курстарға 922 ана тіркеліп, олардың 193-і оқуды сәтті аяқтады.
Қорыта айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында орталықта психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік көмек тұрақты түрде көрсетілуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылы 131 отбасы татуласып, бірге өмір сүруін жалғастырды.


