ERNUR.KZ. Шымкент қаласының Полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар департаменті Жаңа жыл мерекесі қарсаңында өрт қауіпсіздігін сақтау мен пиротехникалық бұйымдарды қолдануда қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша БАҚ өкілдеріне баспасөз конференциясын берді.
Ақпараттық-коммуникациялық орталығының баспасөз алаңында Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерғали Сүлейменов, ҚР Ішкі істер министрлігінен келіп түскен нұсқауға сәйкес, биылғы жылғы 25 желтоқсан мен 2024 жылдың 3 қаңтар күндері аралығында «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатқандығын айтты.
«Іс-шара барысында сәйкестілік сертификаты жоқ пиротехникалық бұйымдарды жаппай сату, сондай-ақ рұқсат құжаттарысыз сатылатын фактілерді анықтау және оның жолын кесуге бағытталған рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.
Азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды сатып алу, сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 8 сәуірдегі № 319 бұйрығымен бекітілген қағидаға қатаң сәйкестікте жүзеге асырылуы тиіс»,- деді спикер.