Шымкентте «Стандарт» индустриалды аймағы ашылады

0
518

Бұл туралы қала басшысы Мұрат Әйтенов өзінің кезекті есептік жиынында айтып өтті.


Шымкентте «Стандарт» индустриалды аймағы ашылады

Шымкент қаласындағы Абай ауданынан "Стандарт" индустриалды аймағын ашу жұмыстары басталған. Жоба Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейту бойынша берген тапсырмасына орай жүзеге асуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы қала басшысы Мұрат Әйтенов өзінің кезекті есептік жиынында айтып өтті.

«Қазірдің өзінде Абай ауданында ірі және орта кәсіпорындар саны 33-ке жетті. Бизнес объектілерінің артуы – қаланың экономикасы мен жалпы қаржылық дамуына оң ықпал етпек. Индустриалды аймаққа 30 млрд теңгеден астам инвестиция тартуды жоспарланған. Осы арқылы жұмыссыз жүрген 3 мыңға жуық азаматты жұмыспен қамтитын мүмкіндік туады», - деді М.Әйтенов.

Абай ауданың бюджеті 5 жыл бұрын 22,6 млрд теңге болса, биыл бұл көрсеткіш 5 есеге артып, 110,8 млрд теңгені құрады. Қаржының басым бөлігі денсаулық, білім салалары мен әлеуметтік көмекке жұмсалған. Ауыз су, газ, жарықпен қамту, жол салу жұмыстары да күн тәртібінен түскен емес.

Айта кетейік, шаhар басшысының жыл басынан бастап мегаполистегі елдімекендерді аралау барысында 125 кездесу өткізіліп, 1020 мәселе көтерілген. Әрбірі жеке хаттамаға енгізіліп, орындалуы жіті бақылауға алынған. Нәтижесінде бүгінге дейін 488 мәселе шешілген, 377-сі жыл соңына дейін шешімін табатын болса, ал 195 мәселе 2023-2025 жылдар жоспарына енгізілген. Одан бөлек, ай сайын аудан белсенділерімен әкімдік ғимаратында қабылдаулар өтуде. Онда атқарылған жұмыстар нәтижесі баяндалып, белсенді тұрғындармен мақұлданып отырды. Соңғы 9 айда 11 рет жеке қабылдау өткізіп, 1 217 азаматтың мәселесі тыңдалды. 2 341 мәселенің 760-сы нақты шешімін тапса, 1 476-сы орындалуда, қалған мәселелер заң талаптарына сәйкес шешілетін болады. Билік пен халық арасындағы байланыс осындай ашық диалогтар арқылы талқыланып, қаланың өркендеуі жолында үш жақты жауапкершілік орнағанына тоқталған Мұрат Әйтенов алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасатынын жеткізді.