Жиында «Ақылды аялдамалар» жобасы таныстырылды.
Шымкент қаласында цифрландыру бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қала әкімі М. Әйтенов цифрландыру басқармасының алдағы даму жоспарын тыңдады. Цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов саладағы атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы жобаларын баяндады.
Қалада «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында цифрландыру 5 негізгі бағыт – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздік және қосымша 6 бағыт бойынша жүзеге асуда.
Әсет Маратұлының айтуынша, пилоттық режимде Тәуке хан даңғылының 3 қиылысында (Қазыбек би, Тәшенов және Дулати көшелерінің қиылысы) жол қозғалысын реттейтін автоматтандырылған бағдаршамдар орнатылды. Интеллектуалды көлік жүйесі (ИТС) қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірлесе қолға алынып отыр.
Осы жұмыстардың нәтижесінде қалада қиылыстардағы көлік қозғалысы тиімділігі 42-48 %-ға артып, кептелістер санының азаюы, өткізу қабілеттілігінің жоғарылауы сынды оң нәтижелерге қол жеткізілді.
Сондай-ақ, жиында «Ақылды аялдамалар» жобасы таныстырылды. Бүгінде қалада аялдамалар жаңартылуда. Алайда бірде-бір аялдамада қоғамдық көлік қозғалысының уақыты, ағымдағы уақыт, ауа температурасы көрсетілген ақпараттық тақта орнатылған жоқ.
Басқарма басшысы осы бағытта ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, әр аялдамада ақпараттық тақта орнату, қоғамдық көліктің GPS трекерлерін 2GIS, Yandex, Open Shymkent қосымшаларымен біріктіру көзделуде. Сондай-ақ, Ә. Әбдіраханов тұрғындарға ыңғайлы болу үшін қоғамдық көлік карталары мен Shymkent Bike велосипед жалға алу жүйесін интеграциялау қарастырылып жатқанын мәлімдеді.