Шымкентте тұрғын үймен қамту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда

0
66

Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжайлардың жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасы да тұрғындарды әлеуметтік қолдаудың маңызды тетігіне айналды.


Шымкентте тұрғын үймен қамту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда

Шымкент қаласында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қалада тұрғын үй алу кезегінде тұрған азаматтарды кезең-кезеңімен тұрғын үймен қамту жоспары іске асырылып келеді.

2026 жылдың соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған 7 386 азаматты баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған. Оның ішінде жалдамалы және несиелік тұрғын үйлер қарастырылған. Бүгінгі таңда мыңдаған отбасы жаңа баспананың кілтін алып, қоныс тойын тойлады. Жыл соңына дейін тұрғындарды жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады.
Жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қолдау бағдарламасы да өз тиімділігін көрсетіп келеді. Соңғы жылдары мыңдаған жасқа сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үйлер беріліп, олардың еңбек етіп, тұрақты өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалды. Бағдарлама мерзімі аяқталған жастарды қолдау мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында ынтымақтастық орнатылып, жеңілдетілген өңірлік «Қамқор» бағдарламасы іске қосылды. Соның нәтижесінде жүздеген отбасы жеке баспанасына қол жеткізді.
Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжайлардың жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасы да тұрғындарды әлеуметтік қолдаудың маңызды тетігіне айналды. Бағдарлама аясында жыл сайын мыңдаған отбасы мемлекеттік қолдауға ие болып келеді. Сонымен қатар, мониторинг жұмыстары арқылы мемлекеттік қолдаудың ашықтығы мен тиімділігі қамтамасыз етілуде.
Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйлерді жекешелендіру қызметі толық электронды форматта жүзеге асырылуда. Азаматтарға тұрғын үйді меншікке рәсімдеу бойынша мемлекеттік қызметтер қолжетімді түрде ұсынылып, тұрғындардың тұрғын үйге меншік құқығын рәсімдеу үдерісі жүйелі жүргізілуде.
Бұдан бөлек, тұрғын үй сертификаттарын беру бағдарламасы арқылы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға қайтарымсыз қаржылай қолдау көрсетілуде. Көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, жетім балалар, бюджеттік мекеме қызметкерлері және өзге де әлеуметтік санат өкілдері тұрғын үй сертификаттарын алып, баспана мәселесін шешуге мүмкіндік алды.
Шымкент қаласының тұрғын үй саясаты тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, баспананың қолжетімділігін кеңейтуге және әлеуметтік қолдау шараларын күшейтуге бағытталған. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасатын болады.
Бөлісу