Кітаптар тізімін ережеге сәйкес республикалық комиссия айқындады.
ERNUR.KZ. Жылдың 10 оқырманы» жобасы аясында саясат және зиялы қауым өкілдеріне арналған конкурстан тыс «Parasat» арнайы бағыты қарастырылған. Оның мақсаты – қоғамға ықпалы бар тұлғалардың жеке үлгісі арқылы кітап оқудың беделі мен құндылығын арттыру. «Parasat» бағытына Мәдениет және ақпарат министрі тіркелді. Әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген де жобаны қолдады. Әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Мо Ян арнайы бейнежазба жолдады. Бұл жайлы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова ОКҚ баспасөз конференциясында айтты.
«Жобаға қатысу ерікті әрі баршаға қолжетімді. Қатысушыларға қазақ және орыс тілдерінде тең мүмкіндік беріледі», – деді А.Құрманова.
Сондай-ақ спикер кітаптарды іріктеуге қатысты ақпарат берді. Мәселен, «Қазақстанның таңдаулы 100 кітабы», «Балалар кітапханасы» тізімі мен әлемдік бестселлерлерді негізге ала отырып, жоба үшін 345 кітап іріктелді. Әр санаттағы қатысушы 15 кітап оқиды.
Кітаптар тізімін ережеге сәйкес республикалық комиссия айқындады. Оның құрамына мемлекет және қоғам қайраткерлері, Құрылтай депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен ұлттық кітапханалардың басшылары кірді.
Айта кетерлігі, «Жылдың 10 оқырманы» жобасы ел аумағын қамтитын екі негізгі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – өңірлік. Ол 195 аудан мен 87 қаланы қамтиды. 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы сәуірге дейін. Әр өңірден іріктелген 10 үздік оқырман республикалық финалға жолдама алады. Осылайша 20 өңірден 200 қатысушы финалға шығады.
Екінші кезең – 23 сәуірге дейін өтетін республикалық финал. Онда қатысушылар бетпе-бет сұхбат пен көпшілік алдында сөз сөйлеу арқылы білімін, ойлау тереңдігін және оқығанын талдау қабілетін көрсетеді.
«Республикалық комиссия қорытынды бойынша еліміздің 10 үздік оқырманын анықтайды. Оларға «Жыл оқырманы» атағы беріліп, әрқайсысына 10 млн теңге сыйақы табысталады. Марапаттау рәсімі 23 сәуірде, Ұлттық кітап күніне орай өтетін республикалық Оқырмандар форумы аясында ұйымдастырылады»,- деп түйіндеді ҚР МАМ өкілі.


