Шымкентте заңсыз қоқыс орындары толық жойылып, қалдықтарды басқару жүйесі жаңғыртылуда

0
121

Экология департаменті халықпен кері байланысты нығайтуға да басымдық беруде.


Шымкентте заңсыз қоқыс орындары толық жойылып, қалдықтарды басқару жүйесі жаңғыртылуда

Шымкент қаласында қоршаған ортаны қорғау, тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару және халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

Бұл туралы Экология департаментінің 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмыс қорытындылары барысында мәлім болды.

Жыл басынан бері қала аумағында рұқсат етілмеген қоқыс орындарын анықтау және жою бойынша аудан әкімдіктерімен бірлескен мониторингтік және рейдтік іс-шаралар өткізілді. Нәтижесінде төрт ауданнан барлығы 20 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, сәуір–мамыр айларында олардың барлығы толық тазартылды.
Сонымен қатар «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының ғарыштық мониторингі арқылы маусым айында тағы 30 заңсыз қоқыс орны анықталды. Аудан әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысының нәтижесінде бұл аумақтардың барлығы тазартылып, атқарылған жұмыстар арнайы ақпараттық порталға енгізілді.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласында да оң өзгерістер байқалады. Биылғы жылдың алғашқы алты айында қала полигонына 121 мың тоннадан астам қалдық қабылданды. Оның 43,9 мың тоннасы сұрыптауға жіберіліп, қалдықтарды қайта өңдеуге бағыттау үлесі 36,2 пайызды құрады.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 573 қоқыс алаңшасы мен 3 070 контейнер жұмыс істейді. Қалдықтарды бөлек жинауды дамыту мақсатында пилоттық жоба аясында төрт мекенжайда жаңа үлгідегі қоқыс алаңшалары орнатылды. Әр алаңша сегіз контейнермен жабдықталған. Оның бесеуі тұрмыстық қалдықтарға, үшеуі қағаз, пластик, шыны және алюминий сияқты қайта өңделетін қалдықтарды бөлек жинауға арналған. Алдағы уақытта қала бойынша тағы 100 заманауи қоқыс алаңшасын орнату жоспарланып отыр.
Экология департаменті халықпен кері байланысты нығайтуға да басымдық беруде. Жыл басынан бері Еңбекші және Абай аудандарында тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, атмосфералық ауа сапасы, қалдықтарды басқару, санитарлық жағдай және қоршаған ортаны қорғауға қатысты мәселелер талқыланды. Көтерілген әрбір мәселе бақылауға алынып, жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп шешу жұмыстары жүргізілуде.
Экологиялық ағарту жұмыстары аясында жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне арналған «Экологиялық сағаттар» өткізілді. Болашақ экологтарға табиғатты қорғау, қалдықтарды сұрыптау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық заңнама талаптары жөнінде түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар студенттер департаменттің зертханасында өндірістік тәжірибеден өтіп, ауа, су және топырақ сапасына жүргізілетін зертханалық зерттеулермен танысты.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы шеңберінде эковолонтерлардың қатысуымен түрлі экологиялық іс-шаралар өткізілді. Ал Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» тақырыбында сурет байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды.
Экология департаментінің мәліметінше, қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін енгізу, заңсыз қоқыс орындарын болдырмау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Бөлісу