Шымкентте жалғызбасты ананың ақшасын қолды еткен ұрының кінәсі дәлелденбей қалды

0
1 699

54 қалта ұрлығының 31-і дәлелсіз болып шықты


Шымкентте жалғызбасты ананың ақшасын қолды еткен ұрының кінәсі дәлелденбей қалды

Шымкент қаласы Абай аудандық сотында елді шулатқан қалта ұрлығына байланысты қылмыстық іске қатысты сот үкімі оқылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Іс материалдары бойынша 54 қалта ұрлығы айыбы тағылған. Бұл бір қылмыстық топтың жасаған ұрлық қылмысына қатысты рекордты көрсеткіші.

Бұл сот процесі жарты жылдан астам уақыт жалғасып келген. Бүгін көптен күткен сот үкімі оқылды. Сот тергеуі барысында келтірілген дәлелдерге сүйене отырып, судья 54 ұрлық фактісінің 31-і өз дәлелін таппағанын алға тартты. Сөйтіп, 31 қалта ұрлығы бойынша сотталушы төрт әйел кінәсіз боп шықты. Қалған фактілер дәлелденіп, жаза тағайындалды.

"Сот Анна Семеновскаяны ҚР ҚК нің 262 бабының 1-ші бөлігімен, 188 баптың 4-ші бөлігі, 1-ші тармағымен кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Жазасын орташа қауіпсіздікті мекемеде өтейтін болады. Қалғандарының да кінәсі дәлелденіп, 5 жыл екі айдан бас бостандығынан айырылады", - деді Абай аудандық сотының судьясы Қанат Мылтықбаев.

Сот үкімі оқыла сала жәбірленуші тарап наразы екендіктерін білдірді. Кейбірі тіпті шырылдап, жанайқайын жеткізіп, сот залын даңғаза етті.

"Бес жыл деген сонша ұрлық үшін тым аз. Бұл өте жеңіл жаза. Біз келіспейміз" , - деп шуылдасты олар.

Жәбірленушілердің сөзіне қарағанда ұрлықтың дені қоғамдық көлікте не базарларда болған. Сиқырлау қасиетіне ие бұл төртеудің арбауына түсіп қалғандарын байқамағандар да бар екен. Қалта ұрлығы бойынша шағымы өз дәлелін таппағандар не істерін білмей далмыз дейді.

Шымкент қаласының 37 жастағы тұрғыны Айнұр Тілепованың айтуынша, ақшасын автобуста қолды еткен. Үш баланың анасы, жалғызбасты. Үшінші перзенті ДЦП дертіне шалдыққан. Ұлының еміне деп ломбардтан қарызға алған 240 мың теңге ақшасын аңдып жүріп қылмыстық топ, яғни төрт әйел үптеп кеткен көрінеді.

"Ломбардтан ақша алғанымды білді ме, әлде әдейі жеткізетіндері бар ма, білмеймін, ақшамды алып автобусқа отырғанымда қалай қолды еткенімді байқамай да қалдым. Автобус жүрген сайын үстіме еңкейе бергенінен бірдеңені сездім. Сиқыры бар ма бұлардың, түк те істей алмай қалдым. Енді кінәлері дәлелденбей қапты. Келіспеймін сот үкімімен", - деп шырылдады Айнұр Тілепова.

Талайды тақырға отырғызып, ойда жоқта қолындағы қомақты қаржысынан айырып, қан қақсатқан төртеудің бірі 7 жылға, қалғандары 5 жылдан жаза арқалап кетті. Сот үкімін естіп шыққан тараптар сот ғимаратында тайталасып, тіпті жаға жыртыспақ болды.

Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Наразы тараптар апелляциялық шағым келтіре алады.