Шымкентте стратегиялық маңызы бар нысандардың да құрылысы қарқынды.
Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Сайрам шағынауданында салынып жатқан және әкімшілік-іскерлік орталығындағы құрылысы біткен деполардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Әкімшілік-іскерлік орталықтағы нысан заманауи құрылғылармен және халықаралық стандарттарға сай техникамен жабдықталған. Құрылысы толығымен аяқталып отыр. 4 автокөлікке арналған өрт сөндіру депода қызметкерлердің нәтижелі жұмыс істеуіне әрі тынығып, демалулары үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ететін ыңғайлы қызметтік және тұрмыстық үй-жайлар қарастырылған. Сыртқы аумақта кәсіби дағдыларын машықтандыруға арналған оқу-жаттығу мұнарасы, спорт алаңдары да бар.
Ал Сайрамдағы депо жұмысы 30 пайызға орындалды. Мұнда да қойма, оқу жаттығу мұнарасы, жүгіру жолағы, автотұрақ қарастырылған. Озық үлгіде жабдықталатын ғимаратта өрт сөндіру көлік үй-жайлары, әкімшілік кабинеттер орналасады. Нысан құрылысы келесі жылға өтпелі.
Қала әкімі ғимараттарды аралау барысында жауапты басқарма басшыларына әрбір жұмыстың сапалы атқарылуын және мерзімінде аяқталуын нықтап тапсырды.
Айта кетейік, жаңа депо өрт сөндіру бөлімшелерінің жеделдігі мен ұтқырлығын арттыруға және материалдық залал мен адам шығынын азайтуға айтарлықтай мүмкіндік бермек.