​ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ КӨШПЕЛІ КЕЗДЕСУ БАСТАЛДЫ

0
83


​ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ КӨШПЕЛІ КЕЗДЕСУ БАСТАЛДЫ

Шымкент қаласында тұрғындармен көшпелі кездесулердің жаңа форматы қолға алынды.

Кездесу - әр жұмыс күні бір аудан тұрғындарына арналып, азаматтарға өздерін толғандырған мәселелерді тікелей көтеруге мүмкіндік береді.

Алғашқы кездесу Абай ауданының «Самал-2», «Шұғыла», «Ынтымақ-2», «Қызылжар», «Жайлау» және «Алтынтөбе» шағынаудандарының тұрғындарымен өтті. Кездесу барысында тұрғындар жер қатынастары, балалар алаңдарын салу, бейнебақылау камералары мен көше жарығын орнату, жолды асфальттау және кеңейту, қоғамдық көлік жұмысы мен кәріз жүйесін тарту секілді маңызды мәселелерді көтерді. Сондай-ақ, кездесуде ұялы байланыс сапасы, жол белгілері мен бағдаршамдар, жаяу жүргіншілер өткелдері мен ирригация жүйесінің жоқтығы, қоқыс шығарудың уақытылы жүргізілмеуі де назардан тыс қалмады.
Тұрғындар мектептер, шағын футбол алаңдары, мешіттер, балабақшалар және мәдениет үйлерін салу қажеттілігі жайлы да ұсыныстарын жеткізді. Көтерілген мәселелердің кейбірі сол жерде шешімін тауып, қалғандары аудан әкімдігі мен тиісті басқармалардың жұмыс жоспарына енгізілетін болды.
Сонымен қатар, қала әкімі тұрғындарға тазалықты сақтау қажеттігін ескертті.
«Қаланың тазалығын тек коммуналдық қызметтерге жүктеуге болмайды, себебі шын мәнінде тазалық әрбір тұрғынның қоқыс тастамауынан басталады», - деді қала басшысы.
Бөлісу