Шымкентте жаңа медициналық сауықтыру орталығы ашылды

0
911

Медициналық мекемеде 40 пациентке дейін күндізгі және тәулік бойы қызмет алу мүмкіндігі бар


Шымкентте жаңа медициналық сауықтыру орталығы ашылды

Бүгін Шымкент тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсететін «BEL MED» медициналық сауықтыру орталығының лентасы қиылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Медициналық мекемеде бел-омыртқа, мойын жарығы, остехондроз ауруларын емдеуге басымдық берілген.
Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан Қаратау ауданының әкімі Рақымберді Мулкеманов қаламызда медициналық қызметтің сапасын жақсартуда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қызмет көрсететін емханалардың үлесі көп, деп атап өтті.
– Жеке клиникалардың көптеп ашылуы бәсекелестіктің артуына, нәтижесінде медициналық қызмет сапасының жақсаруына ықпал етеді, - деді аудан әкімі Р.Мулкеманов.
Медициналық мекемеде 40 пациентке дейін күндізгі және тәулік бойы қызмет алу мүмкіндігі бар. Орталықта тұзды шахта, әйелдер және ерлерге арналған бассейн, массаж, емдеу кабинеттері және электрофорез бөлімдерінде 22 маман-дәрігер қызмет көрсетеді.
– Біздің өзге орталықтардан ерекшелігіміз – тракциялық емдеу. Бұл терапия бел, кеуде және мойын жарығы немесе протрузиясын емдеу ісінде таптырмайтын әдіс. Орталықтың бірінші қабаты күндізгі стационарға арналса, екінші қабатында науқастар дәрігер-невропатолог, физиотерепевтерден тәулік бойы ем алады. Алдағы уақытта МӘМС арқылы тұрғындарға ақысыз қызмет көрсетуді де жоспарлап отырмыз, - дейді «BELMED» медициналық сауықтыру орталығының бас-маманы, неврорпотолог-дәрігер Нұрсұлтан Қабатаев.

Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша стационарлық көмек көрсететін 15 медициналық ұйым бар. Ал, жалпы төсек-орын саны 3407 құрайды. Сонымен қатар, қалада көп бейінді 4 стационар бар. Оның ішінде қалалық клиникалық ауруханасында 490 төсек орын, №2 қалалық ауруханасында 390 төсек орын, №3 қалалық ауруханасында 210 төсек орын, қалалық балалар клиникалық ауруханасында 315 төсек орын бар. Сондай-ақ қалада 5 монопрофильді стационар да жұмыс істейді. Шымкент жүрек орталығында 134 төсек орын, қалалық онкологиялық орталықта 231 төсек орын, Т.О.Орынбаев атындағы гипербарикалық оксигенация орталығында 125 төсек орын, психикалық денсаулық орталығында 435 төсек орын, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы 360 төсек орынмен жабдықталған.