Шымкентте жастарды әскери есепке тұрғызу басталды

0
2 630

Осы жылы 5 мыңнан астам азаматты әскери есепке қою жоспарланған.


Шымкентте жастарды әскери есепке тұрғызу басталды

Шымкентте еліміздің болашақ қорғаушыларын әскери есепке тұрғызу басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл іс-шара 5 қаңтар мен 31 наурыз аралығында ер азаматтарды әскери есепке алу және олардың әскери қызметке жарамдылық дәрежесін анықтау, білім деңгейін, алған мамандығы мен дене даярлығын белгілеу үшін өткізіледі.

Бұл туралы Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, полковник Әжімұхан Шынтаев мәлімдеді.


- Осы жылы Шымкентте 5 мыңнан астам азаматты әскери есепке қою жоспарланған. Әрбір адам тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органына жүгініп, толық ақпарат ала алады, - деді Әжімұхан Қалмаханұлы.


Күн сайын қаланың жергілікті әскери басқару органдарына медициналық тексеруден өту үшін мектеп және арнайы орта оқу орындарының оқушылары келетін болады.

Жоспарға сәйкес қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармалары күніне 100-ге жуық адамды қабылдау керек. Алдымен жігіттер әскери қызметке жарамдылығын дәлелдейтін медициналық тексеруден өтеді. Егер есепке алу барысында емделуге немесе медициналық бақылауға мұқтаж әскерге шақыру жасына дейінгілер анықталса, онда олар емдеу-профилактикалық ұйымдарына тіркеледі.


«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әскери есепке 17 жасқа толған немесе сол жылы толатын Қазақстан Республикасының ер азаматтары жатады.
Барлық іс-шаралардан кейін, жастарға әскери шақыру учаскесіне тіркеу туралы куәлік беріледі. Бұл куәлік әскерге шақыру кезінде шақырылушының есепте тұрғанын растайтын құжат болып табылады.
Әскери есепке алғаш тұрған азаматтармен қосымша Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсу бойынша ақпараттық жұмыс жүргізіледі және келісімшарт бойынша әскери қызметтің артықшылықтары түсіндіріледі.

Сонда-ақ, өткен жылы қаламыздан 1500-ге жуық азамат әскерге шақырылған.


2020 жылдың желтоқсан айының соңында Шымкент қаласының жергілікті әскери басқару органдарында әскерге шақыру науқаны аяқталды. Науқан барысында Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға аймақтан 1500-ге жуық адам жіберілген.

Полковник Ә. Шынтаев өткен жылғы шақыру жоспарынын 100 %-ға орындалғанын және шақырылушылар мен әскери қызметшілерге коронавирустық инфекция жаппай таралмауы үшін санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың уақытылы жүргізілгенін атап өтті.