Шымкентте жазушы, драматург Мархабат Байғұттың шығармашылық кеші өтті

0
2 362

Әдеби кешке өңірдің бірқатар зиялылары, автордың тұрақты оқырмандары және БАҚ өкілдері қатысты.


Шымкентте жазушы, драматург Мархабат Байғұттың шығармашылық кеші өтті

Бүгін Шымкентте белгілі жазушы, драматург, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұттың шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Әдеби кешке өңірдің бірқатар зиялылары, автордың тұрақты оқырмандары және БАҚ өкілдері қатысты.
Рухани-танымдық маңызы зор іс-шараны айтыскер ақын Біржан Байтуов жүргізді. Ең алғаш сөз алған жас мархабаттанушы, Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің 2 курс студенті Жамал Анарбай автордың шығармашылығына терең бойлап, биыл ғана жарық көрген «Түркілер төрі Түркістан» туындысы жайлы мазмұнды баяндама жасады.
Сонымен қатар Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының қызметкерлері Ғ.Сейдахмет пен Т.Балабек қаламгердің «Сізді сүйген қыз едім», «Асқазаны ауыратын адамдар» атты әңгімелерінен үзінді оқыды.
Кештің қадірлі қонақтары, ардагер журналистер Байдулла Қонысбек, Кәрібай Әмзеұлы және ақын Гүлнар Өмірбек жазушы Мархабат Байғұттың дүйім жұрт біле бермейтін көпке үлгі жаңа қырлары туралы сөз етті.
– Мархабатты біз мақтамаймыз, керісінше тұтас оңтүстік өлкесі болып мақтанамыз! Оның қаламға деген құрметі мен жазуға деген адалдығы әдебиет және публицистика саласында үлкен белестерді бағындыруға сеп болды. Мархабат тұсау салар тұрмыстың шеңберінен де еш мойын бұрмай шыға білді. Абайша айтқанда, «...Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» демекші, бар саналы ғұмырын жазушылыққа сарп етті. Онысын талай көз көрді. Мен сол үшін де оның ақындық және азаматтық болмысын бірдей биік қоямын, – деп жазушының үзеңгілес әріптесі Байдулла Қонысбек жүрекжарды лебізін білдірді.
Мұнымен қоса, Байдулла Қонысбек өзі жетекшілік ететін «Киелі Қазығұрт» қоғамдық қорының атынан Мархабат Байғұт пен Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Балзия Тәжібаеваны «Қазығұрт - алтын қазық» төсбелгісімен марапаттады.
Еркін форматта өткен кездесуде оқырмандар сүйікті жазушыларына көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
Кеш соңында келелі кездесуді ұйымдастырған А. С. Пушкин атындағы кітапхананың директоры Шәрбану Әлмаханбетқызы жазушыны мерейлі 75 жасымен құттықтай келіп, кітапхана ұжымы атынан арнайы сый-сияпат жасады.