"Қала аумағындағы 24 ауруханада бір күнде 1100 кислородты баллонға қажеттілік бар. "
Шымкентте жедел жәрдем шақыратындар азайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінде өткен Шымкент қаласы аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-қимыл бойынша арнайы штабында айтылды. Жиын барысында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстар талқыланды.
– Қала бойынша жедел медициналық жәрдем шақыртулары саны азаюда. Шілде айының 1 жұлдызынан бастап, бүгінгі күнге дейін (12.07.2020) шақыртулар саны 2142-ден 1839-ге дейін төмендеді. Қаладағы инфекциялық төсек-орын саны 650, оның ішінде 204 орын бос. Провизорлы орын саны 3210, оның ішінде 1110 бос орын бар. ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес,алдағы уақытта төсек-орын қорын көбейту мәселесі қарастырылуда.
Қала аумағындағы 24 ауруханада бір күнде 1100 кислородты баллонға қажеттілік бар. Осыған орай, Шымкент қаласында кислород өндіретін 5 мекемемен келісімшартқа тұрып (ТОО «AirGaz», ТОО «Керемет сапа», ТОО «Нурибал База», ТОО «ПК ОКСИ», ИП «Иманбеков»), барлық ауруханаларға тұрақты түрде кислородты баллондар жеткізілуде, - деді қала басшысы.