Шымкентте жоғары вольтті трансформаторлар сынақтан өткізіліп жатыр

0
1 036

Отандық өнімдер «Asia Trafo» кәсіпорынында жасап шығарылған.


Шымкентте жоғары вольтті трансформаторлар сынақтан өткізіліп жатыр

ERNUR.KZ. Шымкентте жоғары қуатты трансформаторларға зертханалық сынақтар жүргізілуде, деп жазады «Хабар 24».

Отандық өнімдер өткен жылдың аяғында іске қосылған «Asia Trafo» кәсіпорынында жасап шығарылған. Бұл зауыт Қазақстанда теңдесі жоқ өндіріс орны саналады.

Мұнда қуаттылығы 110 кВ-500 кВ кернеу диапазонындағы трансформаторлар дайындалады. Зауытттың құрылысы осыдан 2 жыл бұрын «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы Қазақстанның Даму Банкінің қаржыландаруымен жүзеге асқан болатын.

Жоғары вольтті трансформаторлар жасайтын «Asia Trafo» зауытының құрылысы мен іске қосылуы Қазақстан үшін бірегей оқиға. Әрі еліміздің электротехникалық саласын дамытуда зор маңызға ие. Кәсіпорынның алғашқы өнімдері зертханалық сынақтан өткен соң, қазақстандық тапсырыс берушіге жөнелтіліп, кейін ТМД елдеріне экспортталады деп күтілуде.

- Қазір Ресейдің өзінен де көп сұраныстар келіп жатыр. Біз оларға жауап беріп жатырмыз. Осы екінші жылдың ортасынан Ресейден алғашқы заказдар түседі деп отырмыз. Тәжікстанға да 4 трансформаторды есептеп бердік. Өзбекстан бар, түркімендер бар қырғыз бар. Олардың бәрі зауытты көрді. Оларда тапсырыс берейін деп отыр, - дейді «ASIA TRAFO» ЖШС Бас директоры Серғазы Күнтуаров.

Жоба бизнес пен мемлекет арасындағы тиімді ынтымақтастықтың жарқын мысалы болып табылады. Зауыт еліміздің индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде салынды. Қазақстанның Даму банкінен көлемді қаржы алған кәсіпорын қаражатты құрылыс-монтаждау жұмыстарына пайдаланып, Еуропаның жетекші өндірушілерінен технологиялық жабдық сатып алған.

- Жобаның жалпы құны 18,9 млрд теңге сомасын құрады. Оның ішінде 8,7 млрд теңгесін Қазақстанның Даму банкі берді. Және банкітің еншілес ұйымы 5,9 млрд теңге берді. Ол БРК Лизинг компаниясы, - деді «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарушы директоры Әділ Исмағамбетов.

Жыл соңына дейін мұнда 30 трансформатор шығару жоспарда. Алғашқы өнім Шымкент пен Түркістан облысына қойылады. Ал зауыт жылына қуаттылығы жоғары 120 трансформатор шығаруға қауқарлы.