Шымкентте жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігіне арналған акция өткізілуде

0
102

Әлеуметтік осал топтағы отбасылар, табиғи газға қосылмаған жатақханалар, және қатты отынмен жылытылатын тұрғын үйлер араланып, олардың қауіпсіздік жағдайы тексерілген


Шымкентте жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігіне арналған акция өткізілуде

Биылғы жылы Шымкент қаласында жылыту маусымының басталуына байланысты «Өрт қауіпсіздігі айлығы» акциясы өткізілуде.

Бұл шара аясында тұрғындарға өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қауіпті жағдайлардың алдын алу мақсатында кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Акцияның үшінші мегаполисте қалай өтіп жатқандығы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Жылыту маусымындағы қауіпсіздік шаралары туралы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары, aзаматтық қорғаныс полковнигі Еркін Отарғалымұлы мен Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Абдинуров Малик Құттымбетұлы БАҚ өкілдеріне баяндады.

Акция барысында әлеуметтік осал топтағы отбасылар, табиғи газға қосылмаған жатақханалар, және қатты отынмен жылытылатын тұрғын үйлер араланып, олардың қауіпсіздік жағдайы тексерілген.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға жылыту маусымы кезінде өрт қауіп-қатерлерінен қорғану үшін келесі ұсыныстарды орындауды ұсынады:
1. Түтін құбырлары мен пештерді күйеден тазалау: Жылыту маусымы басталар алдында және жылу беру маусымы кезінде түтін мұржаларын кемінде үш айда бір рет тазалаңыз.
2. Электр сымдарын тексеру: Тозған немесе уақытша схема бойынша жүргізілген электр сымдарын ауыстырып, олардың жағдайын бақылаңыз.
3. Электр желілерін жүктемеу: Үйді жылыту үшін стандартқа сай емес электр құралдарын қолданбаңыз және электр желісін шамадан тыс жүктемеңіз.
4. Пештерді дұрыс пайдалану: Пешті қатты қыздырмаңыз, үстінде жанғыш материалдарды кептірмеңіз.
5. Ауланы тазарту: Аулаңызды жанғыш қоқыстардан тазалаңыз және күлді жинау үшін қауіпсіз орын әзірлеңіз.
6. Балаларды қараусыз қалдырмау: Балаларды ересектердің бақылауынсыз қалдырмай, қауіпсіздік шараларын түсіндіріңіз.
Бұл шаралар тұрғындарға жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін сақтауға және ықтимал қауіпті жағдайлардың алдын алуға көмектесетінін баса айтты спикерлер.
Бөлісу