Шымкенттегі «ҚАЗЫҒҰРТ» мәдениет үйі қала меншігіне өтеді

0
1 358

Іргетасы 1988 жылы қаланған.


Шымкенттегі «ҚАЗЫҒҰРТ» мәдениет үйі қала меншігіне өтеді

ERNUR.KZ. Шымкент қаласы Еңбекші ауданы, Тоғыс тұрғын алабында ұзақ жылдан бері шешімін таппай, жекеменшікте қалған «Қазығұрт» мәдениет үйі қала меншігіне өтеді.


Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков біршама уақыт бұрын Тоғыс тұрғын алабындағы ереректе жекенің иелігіне өткен мәдениет үйін мемлекет меншігіне қайтару бойынша келіссөз жүргізген болатын.

Іргетасы 1988 жылы қаланған «Қазығұрт» мәдениет үйі орналасқан жер телімі — 1,7359 гектар, ал ғимарат ауданы 1130 шаршы метрді құрайды. 2018 жылы Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған тұста Тоғыс елді мекені қалаға қосылып, «Қазығұрт» өндірістік кооперативінің меншігіндегі «Қазығұрт» мәдениет үйі де қала аумағында қалған. 350 орынға арналған ғимаратта бүгінде Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты № 26 кітапхана орналасқан.

Қала әкімі жүргізген екіжақты келіссөз нәтижелі аяқталып, «Қазығұрт» өндірістік кооперативінің төрағасы Т. Сейданов мәдениет үйін мемлекет меншігіне қайтарды. Бүгінде құжат рәсімдеу шаралары жүргізілуде.

«Қазығұрт» мәдениет үйі — Еңбекші ауданындағы халық игілігіне қызмет етіп отырған нысанның бірі. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында бұл жаңалық тоғыстықтарды қуантып отыр.