Мұнда 113 қызметкер жұмыс істейді.
Күрделі жөндеуден өткен Шымкенттегі №2 Оңалту орталығында жыл басынан бері медициналық ұйымда 826 бала ем алды, ем алды деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Еске сала кетсек, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті қоғамдық орта қалыптастыру мәселесіне жеке-дара тоқталған болатын. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жүйелі түрде қолдау дамыған және әлеуметтік жауапты мемлекеттерге тән екенін, Қазақстан бұл бағыттағы жұмысты үнемі жақсартып отыруға тиістігін тілге тиек еткен. Себебі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны өсуде. Сонымен қатар мұндай іске мамандандырылған ұйымдардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін қолданыстағы нормалар ескірген.
– Өңірлердің ерекшеліктерін және қазіргі заманғы стандарттарды ескере отырып, аталған саладағы нормативтерді жаңарту қажет. Бүгінде бір психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия 60 мың баланы қамтиды. Олардың жұмысының тиімділігін арттыру үшін бұл нормативті 50 мың балаға дейін төмендету керек. Балаларды сәби кезінен бастап скринингтен өткізу ісін жақсарту, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары жанындағы әлеуметтік қызметтердің жұмысын күшейту қажет. Уәкілетті органдар ерекше қажеттіліктері бар бала мен оның отбасы үшін бірыңғай маршрут түрінде іс-қимылдардың түсінікті алгоритмін жасауы тиіс. Өңірлердегі арнаулы мекемелерді ескере отырып, онда бала дүниеге келгеннен бастап мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтің барлық түрі ұсынылуы керек. Білім және ғылым министрлігі ерекше балалардың білім алу құқықтарын іске асыру мәселесіне айырықша назар аударғаны жөн, – деген еді Мемлекет басшысы.