​ШЫМКЕНТТІК КӘРІСТЕР «СОЛЛАЛЬ» МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ

0
186


​ШЫМКЕНТТІК КӘРІСТЕР «СОЛЛАЛЬ» МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ

Бүгін Шымкентте Қазақстандағы кәрістер қауымдастығының қалалық филиалы шығыс күнтізбесі бойынша «Соллаль» жаңа жылдық мерекесін өткізді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қалалық іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылатын іс-шараға қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшылығы, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, жергілікті кәріс этносының абыройлы ақсақалдары мен мүшелері қатысты.
Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлова өз сөзінде мерекелік іс-шараға жиналған жұртшылықты қала басшылығы атынан құттықтап, этносаясат аясындағы маңызды міндеттерді іске асыруға белсене үлес қосып келе жатқан қалалық кәріс этномәдени бірлестігінің белсенділеріне өз алғысын жеткізді.
– Ай күнтізбесі бойынша қарсы алатын кәріс этносының Жаңа жыл мерекесі жаңару мен гүлдену уақыты ретінде шуақты көктемнің жақындағанын аңғартады әрі баршамыздың көңілімізге қуаныш сыйлайды.
Бүгінде қалалық кәріс этномәдени бірлестігі маңызды жобаларды іске асырып, қайырымдылық бағыттағы бастамаларды жүйелі іске асырып келеді, – деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, кезінде түрлі тарихи оқиғалар салдарынан елімізге күштеп қоныс ауарған кәрістердің бүгінгі ұрпағы берекелі қазақ жерінде өсіп-өркендеп, тамырын тереңге жайып келеді. Бұл өз кезегінде этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді көздеген мемлекеттік саясаттың жемісі.
Мерекелік іс-шарада жергілікті өнерпаздар мен Алматы қаласынан арнайы шақырылған «Намсон» халық ансамблі мен «Flame stars» сынды шығармашылық топтар өз өнерлерін көпшілік назарына ұсынып, қазақстандық корей этносының бай мәдениеті мен өзіндік ерекшелігін жұртшылыққа көрсетті.
Бөлісу