​Шымкенттік кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздігі түсіндірілді

0
774

Жиын барысында елімізде және көрші мемлекеттерде соңғы уақытта ірі сауда орталықтарынан шыққан өрт туралы бейнероликтер көрсетілді.


​Шымкенттік кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздігі түсіндірілді

ERNUR.KZ. Кез келген нысандағы өрт қауіпсіздігі – аса маңызды. Әсіресе, адам көп жүретін қоғамдық орындардағы қауіпсіздік қатаң сақталуы тиіс. Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында өткен жиында осы мәселелер сөз болды.


Сауда және қызмет көрсету кеңесі аясында өткен жиынға Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Еркін Отарғалымұлы, Кәсіпкерлер палатасы жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Алтынбек, қаладағы ірі сауда орындарының өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.

Еркін Отарғалымұлы алдымен кәсіпкерлерді қазіргі таңда жүргізіліп жатқан акция барысымен таныстырды.

«Бәрімізге белгілі, жуырда ғана Семейдегі ірі сауда орталығынан өрт шығып, келеңсіз жағдай орын алды. Абырой болғанда, адамдар зардап шеккен жоқ, дегенмен, кәсіпкерлер шығынға ұшырады. Қазіргі таңда қылмыстық іс тергеліп, шығынды кім өтейді, келеңсіз жағдайға кім кінәлі деген сұрақтар талқылануда. Шымкент қаласында, соңғы мәліметтер бойынша, 108 ірі сауда орны бар. Оларға базарлар, сауда-сауық орталықтары сияқты нысандар жатады. Міне, осындай орындарда келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз қала» республикалық акциясы өткізілуде», – деді Төтенше жағдай департаменті басшысының орынбасары Еркін Отарғалымұлы.

Жиын барысында елімізде және көрші мемлекеттерде соңғы уақытта ірі сауда орталықтарынан шыққан өрт туралы бейнероликтер көрсетілді. Төтенше жағдай саласының мамандары қоғамдық орындардағы, оның ішінде ірі сауда орталықтарындағы өрт қауіпсізгінің сақталуына тоқталды.

«Бүгінгі таңға дейін қаламыздағы ірі сауда орталықтарындағы қауіпсіздік дәрежесін анықтау пысықтау үшін 12-ге жуық оқу-жаттығу өткізілді. Ондағы мақсатымыз – сол нысан иелерінің, ондағы сатушылардың, сатып алушылар мен келушілердің төтенше жағдай туындаған кездегі әрекетін пысықтау. Заңға сәйкес, ауданы 1 500 шаршы метрден асатын нысандар тәуекел дәрежесі жоғары нысандар болып тіркеледі. Жоғарыда көрсетілгендей өрттер орын алмас үшін нысандар белгілі бір құрылыс нормасына сай салынуы керек, сонымен қатар онда өрт шыққан жағдайда автоматты өрт сөндіру жүйесі іске қосылуы тиіс. Сіздерді жинап отырғандағы айтарымыз да осы – ғимараттардағы өрт қауіпсіздігін сақтау. Сіздер осындай ережелерден хабардар болуларыңыз керек», – деді Еркін Отарғалымұлы.

Жиын барысында кәсіпкерлер мамандарға өрт қауіпсіздігіне, кәсіпкерлік нысандарды тексеруге қатысты сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.

Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының басшылығы кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, сауда және қызмет көрсету саласының алдына қойылған мақсаттарға қол жеткізуде жан-жақты көмек көрсетуге ниетті.