Кездесу барысында кәсіпкерлердің 15 мәселесі қаралды.
Шымкентте мемлекеттік органдардың өңір кәсіпкерлерімен кездесуі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған іс-шараға қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшылығы, құқық қорғау органдарының, әкімдіктің және бизнес қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
Кездесу барысында бизнесті қорғау және оның дамуына қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланып, кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер қаралды.
Кеңесте Ж.Жұмабаев құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, медицина және білім салаларындағы кемшіліктер мен оларды жою бойынша Департаментпен қабылданған шаралар туралы жеткізді.
«Бүгінде біздің қызметімізде бағдар ретінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы айқындалған, оның шеңберінде халық пен бизнесті толғандыратын өзекті мәселелер жүйелі түрде шешілуде. Бизнесті қорғау біздің басты міндетіміз болып табылады және Сіздерді белсенді өзара іс-қимыл мен ынтымақтастыққа шақырамыз», - деп атап өтті Ж.Жұмабаев.
Кездесу барысында кәсіпкерлердің 15 мәселесі қаралды.
АЭА және индустриялық аймақ аумағындағы жерлерді жалға беру, құрылыс, мемлекеттік мүлік, қоғамдық көлік үшін жерлерді алып қою және т. б. мәселелер қозғалды.
Іс-шара қорытындысы бойынша бизнестің көрсетілген мәселелерін шешу үшін уәкілетті органдарға нұсқаулар енгізілді.
Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өңірлік филиалы мен желілік бөлімшелерінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуде.
Осы ретте, көлік прокуратурасының, табиғи монополиялар департаментінің, көліктік бақылау инспекциясының, кәсіпкерлер палатасының, кәсіподақтың және қоғам өкілдерімен диалог аясында аталған саладағы проблемалық мәселелер талқыланды.