Сарыбай Сұлтанғали бастаған білікті мамандар тобы жасап шықты.
иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден
Шымкент қаласының хирургтары іш қуысы сыртына біткен нәрестеге күрделі ота жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкенттегі қалалық клиникалық балалар ауруханасының дәрігерлері ауыр дертке шалдыққан жаңа туған нәрестеге операция жасап, өмірін сақтап қалды. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Аурухананың дәрігерлері нәрестеге толыққанды тексеру жұмыстарын жүргізіп «гастрошизис» диагнозын қойған. Яғни, сәбидің ішек қуысы сыртына бітіп туған.
Сирек кездесетін дертке шалдыққан балақайдың өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер нәресте жарық дүние есігін ашқан күні шұғыл түрде ота жасады. Операция кезінде хирургтар іш қуысының тарлығынан (диспропорция) тері лоскутымен ішіктерді жабу тәсілін қолданып хирургиялық ем жүргізді. Ота сәтті өтті дейді мамандар.
Тумасынан сирек кездесетін дертке шалдыққан сәбиге операцияны ауруханадағы Сарыбай Сұлтанғали бастаған білікті мамандар тобы жасап шықты.
Гастрошизис – жас сәбиге туа біткен алдыңғы құрсақ қабырғасынан ішек ілмектері мен басқа да органдардың саңылау арқылы шығу аномалиясы. Жаңа туған сәбиге 2 және 6 сағат аралығында ота жасалмаса, шетінеп кетуі мүмкін. Бұл ауру 10000 ұрықтың біреуінде кездеседі. Ауруға шалдығу жиілігі ұлда да, қызда да бірдей кездеседі дейді мамандар.