Тамыз айының 2-5 күндері Ақтау қаласында мектеп командалары арасында шахматтан әлем чемпионаты өтті.
Шымкенттік оқушылар шахматтан әлем чемпионатында үздік бестікке енді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласының О.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейінің оқушылар командасы шахматтан әлем чемпионатында 5-орын алып, үздік бестіктер қатарына енді.
Жалпы турнир қорытындысы бойынша 1 орынды Үндістандық оқушылар, 2 орынды Украинадан келген оқушылар командасы алса, 3, 4, 5, 6 орындарды Қазақстандық оқушылар командалары иеленген.
«Шахматтан бұндай жоғары көрсеткіштерге жетуіміздің бірден-бір себебі Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес, еліміздегі білім ұйымдарында шахмат үйірмелерін енгізуге аса көңіл бөлінуі деп ойлаймын.
Мысалы, Шымкент қаласынның барлық білім ұйымдарының бастауыш сыныптарында шахмат пәні үйірме ретінде өтіп жатқанына биыл төртінші жыл болады.
Шахматты мектеп табалдырығынан игеру, ол болашақта зиялы, білімді, талантты, шығармашыл, ақыл-ойы мықты дамыған жастарды тәрбиелеуде бірден-бір мықты құрал болып табылады», - деді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы Тәжиева.
№9 ІТ лицейінің ұстаздары мен оқушыларын жеңісімен құттықтаймыз! Алдағы уақытта Шымқала жастары бүкіл әлемдік деңгейде еліміздің намысын қорғап, жүлделі орындарға ие боларына сенеміз.