Көкпарға келген тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, үйлеріне қайтарылды.
иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден
Шымкенттік полицейлер карантиндік шектеулерге қарамастан Ақтас жайлауында ұйымдастырылған көкпарды тоқтатты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасы кезекті көкпар ұйымдастыру жайтын анықтады. Ұлттық спорт жанкүйерлері карантиндік шектеулерге қарамастан Ақтас жайлауында көкпар ұйымдастырған. Аталған жайт бойынша полицейлер бірден әрекет етіп, көкпар ойынын тоқтатты.
Тәртіп сақшылары іс-шараның ұйымдастырушысы жергілікті тұрғынға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша материалдар жинақтап, заңды шара көру үшін тиісті басқармаға жолдады.
Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері азаматтардан карантиндік шектеулерді, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтауға шақырады.
Ақтас егістік алқабындағы 400-ге жуық адам жиналған көкпар ойынының ұйымдастырылуына жеміс-жейдек базарының ашылуы себеп болған. Полицейлер белгіленген талапты сақтамай, көкпар ойынына келген тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, үйлеріне қайтарды.