​Әр адам білуі керек 6 ЗАҢ

0
245

ҚР Заңдарынан бөлек, осыларды да білсең, өмірің жеңілдейді


​Әр адам білуі керек 6 ЗАҢ

Сурет: ЖИ

Кейбір ақиқаттарды адамға уақыт үйретеді. Кейбірін тағдыр түсіндіреді. Ал талайдың тәжірибесінен өтіп, өмірдің өзінен қалыптасқан төмендегі 6 заңды жетік білсеңіз, көп нәрсені өмірден таяқ жемей тұрып ұғасыз.


1. МЁРФИ ЗАҢЫ: Неден қорықсаң, соған жол ашасың!

Адамның ойы – қуатты құрал. Көпшілік оны өзіне қарсы қолданады. Бір нәрседен қорыққан сайын, адам санасы сол қауіпке дайындала бастайды. Салдарынан сенім азаяды, қателік көбейеді, әрекет әлсірейді. Ақырында қорыққан жағдай расымен орын алады.

Мысалы, емтиханнан құлаудан қорыққан оқушының ойы білімге емес, сәтсіздікке шоғырланады. Сахнаға шығудан қорыққан адам сөзін ұмытып қалады. Себебі қорқыныш – назар. Ал назар қайда болса, энергия да сонда кетеді.

Сондықтан өмірде үнемі жамандықты күтудің орнына, жақсы нәтижеге сенуді үйрену керек. Жақсы ойла. Жақсы сөйле.


2. КИДЛИН ЗАҢЫ: Жазылған мәселе – жартылай шешілген мәселе

Көп адамның өміріндегі негізгі қиындық проблеманың өзі емес, оны нақты түсінбеуі. Ойды мида мың айналдырсаң да, бытыраңқы күйде қалуы мүмкін. Ал қағазға түссе, жүйелене бастайды.

Ірі кәсіпкерлер, психологтар, ғалымдар міндетті түрде күнделік жүргізеді. Себебі жазу адамға жағдайды сырттан көруге мүмкіндік береді. Жазу – ойды тәртіпке келтірудің ең күшті тәсілдерінің бірі. Шешімі табылмай, қинап жүрген проблема қағаз бетінде мүлде басқаша көрінеді. Жазу барысында себептері, салдары және шешу жолдары айқындала түседі.

Егер өміріңде түсініксіздік көбейсе, бәрін ойда сақтауға тырыспа. Жаз. Талда. Сұрыпта.


3. ГИЛБЕРТ ЗАҢЫ: Өмір ешкімге нақты нұсқаулық бермейді

Мектепте бәрі қарапайым: ереже айтылады, тапсырма беріледі, дұрыс-бұрыстығы тексеріліп, баға қойылады, қатемен жұмыс ұсынылады. Ал өмірде ешкім ережені алдын-ала түсіндірмейді. «Мына жол дұрыс» дейтін нақты жауап жоқ. Көп жағдайда қатемен жұмыс жасап, екінші рет бастан кешу мүмкіндігі берілмейді. Ал көп адам дұрыс бағытты нұсқар біеуді іздейді, күтеді. Бұл күту бір орында тоқтап қалуға ұласады.

Жауапкершілікті өз мойнына ала алмаған адам орнында тұрып қалады. Кейде қате шешім қабылдау мүлде шешім қабылдамаудан әлдеқайда жақсы.

Өзін дамыту, мамандық таңдау, бизнес бастау, қарым-қатынас құрудың дайын сценариі жоқ. Әркім өз жолын өзі табады. Өз шешіміне жауап бере алатын адам ғана еркін өмір сүре бастайды. Себебі жетілген адамның басты жеңісі – кінәліні іздемеу, жауапкершілікті қабылдау.


4. УОЛСОН ЗАҢЫ: Білімге салынған инвестиция ең үлкен табыс әкеледі

Бүгінгі заманда ең құнды ресурс – ақпарат. Ақпаратты дұрыс қолдана білу – үлкен өнер. Интеллекті дамыған адам мүмкіндік көреді, шешім табады, өзгеріске бейімделеді.

Табысты адамдар кітап оқу, жаңа дағды үйрену, тәжірибе жинау арқылы, ең алдымен, өзіне инвестиция жасайды. Білім – бір күндік пайда емес, ұзақ мерзімді капитал. Оны ешкім тартып ала алмайды. Ақша жоғалуы мүмкін, ал білім адаммен бірге қалады.

Сондықтан өзіңді дамытуға кеткен уақытты шығын деп емес, болашаққа салынған инвестиция деп қарау керек.


5. ФОЛКЛЕНД ЗАҢЫ: Барлық нәрсені бірден шешудің қажеті жоқ

Қазіргі қоғам адамдарды үнемі асықтырады. «Тез жауап бер! Тез шешім қабылда! Тез орында!» Бірақ өмірдегі кейбір мәселелер уақыты келгенде ғана шешіледі.

Әр шешім адамның энергиясын алады. Сондықтан бәрін бірден шешуге тырысу – өзіңді шаршату. Кей жағдайда асығыс қабылданған шешім кейін үлкен өкінішке айналады.

Даналық – әрқашан әрекет етуде емес, кейде күте білуде. Егер мәселе дәл қазір шешімді талап етпесе, өзіңе уақыт берген дұрыс. Уақыт көп нәрсені орнына қояды. Кейбір адамдар өзгереді, кейбір проблемалар өздігінен жоғалады, ал кей шешімдердің жауабы уақыт өте анық көрінеді.

Өмірдегі ең маңызды күштердің бірі – энергияны дұрыс жұмсай білу.


6. ӘДЕТ ЗАҢЫ: Болашағыңды жүйелі қайталаулар қалыптастырады

Адамдар өмірін бір күнде, әп сәтте өзгерткісі келеді. Бірақ шынайы өзгеріс бір үлкен серпілістен емес, кішкентай тұрақты әрекеттерден басталады. Өмірді үлкен шешімдер емес, күн сайын қайталанатын ұсақ әдеттер қалыптастырады.

Күніне 10 бет кітап оқу аз көрінуі мүмкін. Бірақ бір жылда ол бірнеше ондаған кітапқа айналады. Күн сайын аздап спортпен айналысу бірнеше айдан кейін мүлде басқа дене мен энергия береді. Аз-аздан жинақталған әрекет уақыт өте үлкен нәтижеге айналады.

Сол секілді, жаман әдеттер де байқалмай жиналады. Бір күндік еріншектік ештеңе өзгертпейді. Күн сайын қайталанса, адамның мінезіне айналады. Сондықтан болашақ армандарымен емес, күнделікті режиммен анықталады.

Бұл заңдардың шынайы мәні күнделікті әрекетте байқалады. Адамның ойы, шешімі, қорқынышы, білімі мен сабыры – оның тағдырын қалыптастыратын негізгі факторлар. Көзқарас өзгерсе, әрекет өзгереді. Әрекет өзгерсе, өмір өзгереді.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Балаңыз бақшада ТАЯҚ ЖЕП жүрген жоқ па? Ата-ана нені бақылауы керек?

Кей ГҮЛДЕРДІ көктемде емес, КҮЗДЕ еккен дұрыс

Мына ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАРДЫҢ қайсысын танисыз?