Шымкенттік шенеунік өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды

0
1 617

Білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушысы мектеп директоры лауазымын 400 мың теңгеге бағалаған.


Шымкенттік шенеунік өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Жемқорлық үшін айыпталған Шымкент қаласы білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушысына қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Атап айтсақ, Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бұдан бұрын жемқорлық қылмысын жасады деп күдіктелген Шымкент қалалық білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушысы Ж.Д.Базароваға қатысты тергеу аяқталды.

Ол орта мектептің білім жөніндегі меңгерушісіне мектеп директорының лауазымына тағайындалу үшін тест тапсыруға жәрдем бергені үшін оның 400 мың теңге қаражатын алдау және сенімін теріс пайдалану арқылы иемденді деген күдікке түскен.

"2019 жылдың 6 желтоқсанында Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының үкімімен Ж.Д.Базарова алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды және 3 млн. теңге айыппұл салынды", - делінген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәлімдемесінде.